Еркін күрестен облыстық турнир өтті
Өскеменде еркін күрестен Кеңес Одағының спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы әрі құрметті спорт қайраткері Мұсабек Қапановты еске алуға арналған облыстық турнир өтті. Дәстүрлі жарысқа өңірдің әр аудан-қаласынан жас балуандар қатысып, бозкілемде өзара мықтыны анықтады.
Бозкілемдегі бәсеке – тәжірибелі бапкердің есімін ұлықтап, оның спорттағы өнегелі жолын кейінгі буынға насихаттауды мақсат етті. Облыстық турнирге өңірдің әр аймағынан 13 команда жиналды. Үш күнге жоспарланған жарыста спортшылар шеберліктерін шыңдап, тәжірибе жинақтады. Ұйымдастырушылар алдағы жылы турнирді халықаралық деңгейге шығарып, шетелдік балуандарды да қатыстыруды жоспарлап отыр.
Серікбек Садықов, ШҚО грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті:
Жарысқа 12-14 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысуда. Бұл — жас спортшылар үшін өз шеберліктерін шыңдап, тәжірибе жинақтауға үлкен мүмкіндік. Турнир үш күнге жоспарланған. Алғашқы күні спортшылардың келуі мен салмақ өлшеу рәсімі өтті. Бүгін негізгі белдесулер өтіп, жарыс қорытындыланады. Алдағы жылы бұл турнирді халықаралық деңгейге шығаруды жоспарлап отырмыз. Шетелдік спортшыларды да шақырып, жарысты ауқымды түрде өткізгіміз келеді.
Мұсабек Қапанов өзінің жаттықтырушылық жолында қаншама шәкірт тәрбиелеп, үлкен спорттың биігіне шығарды. Солардың бірі, әрі алғашқы оқушыларының қатарында бүгінде спорт ардагері атанып отырған шәкірттері де бар.
Мәлік Нәдірбеков, М.Қапановтың шәкірті:
Мен училищеде оқып жүрген кезінде ол кісі сельхозда жаттықтырушы болды. Сол бір күні маған келіп айтады. Малик сен ары қарай күресесің бе деп. Мен айттым маған тренер жоқ қой аға. Сен маған кел сельхозға деп аға мені шақырды. Сельхоздан басталды күресім. Сол кісінің арқасында біраз жетістіктерге жеттім.
Мұсабек Қапанов – еркін күрестің дамуына айрықша үлес қосқан білікті жаттықтырушы. Оның шәкірттері түрлі деңгейдегі жарыстарда ел намысын қорғап, спорт мектебінің қалыптасуына үлес қосты. Бүгінде ұстаздың жолын жалғастырған жас балуандар үшін мұндай жарыстардың маңызы зор. Мұнда олар тек жүлде үшін емес, тәжірибе жинап, шеберліктерін шыңдау үшін де белдеседі.
Диар Жұмақан, жарысқа қатысушы:
Мен осы жарысқа дайындығым өте жақсы. Осы жарысқа дейін көп жарысты ұттым. Республикалық жарыстан 3-ші орын алғам. КМС-пін.
Аслан Ислам, жарысқа қатысушы:
Спортқа 8-10 жасымнан қатысамын. Үлкен-Нарын ауданынан келдім. Жарысқа дайындығым өте жақсы. Орын аламын деген үміттемін.
Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен балуандар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады. Ұстаз есімін ұлықтаған дәстүрлі дода еркін күрестің өңірдегі дамуына да өзіндік үлесін қосуда.
Аяулым Усинова