Негізгі Жаңалықтар Өрт қауіпсіздігі күшейтілуде

Өрт қауіпсіздігі күшейтілуде

Өңірде өрттің және иіс тиіп улану жағдайларын болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстары күшейтілді. Құтқарушылар жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, полиция қызметкерлері және волонтерлермен бірлесіп, тұрғын үйлерді аралап, азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. 

Қауіпсіздік әр үйге» акциясы аясында мамандар пешпен жылытылатын тұрғын үйлерді аралап, алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Олар жылыту пештері мен мұржалардың, электр сымдарының жай-күйін тексереді. Сонымен қатар тұрғындарға жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп, мұржаларды күйеден уақтылы тазартудың маңыздылығын ескертті. 

Нұржан Тілеубаев, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:  

Әкімдік пен ШҚО ТЖД бірлесіп, акция аясында рейд жасалып жатыр. Бұл рейдтің мақсаты жылыту маусымы кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігі мақсатында бүгінгі күні әкімдік тарапынан 500 құрылғы берілді. Бұл құрылғы көмірқышқыл газы бөлінген жағдайда дыбыс беріледі. 

Акция аясында полиция қызметкерлері азаматтармен жүздесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда масаң күйде темекі шегу өрт шығу қаупін арттыратын негізгі факторлардың бірі. 

Фархат Әміре, ШҚО ТЖД бастығының м.а: 

Жағдайды тұрақтандыру мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, өрт шығу қаупі жоғары үйлерге баса назар аударылды. Жылыту маусымы басталғалы бері мамандар барлығы 20 мыңнан астам тұрғын үйді аралады. Нәтижесінде 9 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды. Олардың қатарында жылыту пештерінің мұржаларын уақтылы тазаламау, зақымданған және тозығы жеткен электр құрылғыларын пайдалану. Әлеуметтік осал санаттағы отбасылар тұратын 2 758 үйдің барлығына иіс тиіп уланудың алдын алуға арналған датчиктер орнатылды.

Бұл акция халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға және түрлі қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіруге бағытталған. Басты мақсат – қауіпсіздік талаптарының бұзылуын дер кезінде анықтап, өрттің алдын алу, адам өлімі мен иіс тиіп улану жағдайларына жол бермеу.

Салтанат Кеңесбекқызы


Бөлісу