Негізгі Жаңалықтар Қоныс аударып, кәсіпке кіріскен

Қоныс аударып, кәсіпке кіріскен

Ауылдық аумақтарды дамыту және еңбек ресурстарының теңгерімін сақтау мақсатында елімізде ішкі көші-қонды қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында азаматтарға жаңа өңірге қоныстану, баспана алу және кәсіп бастау кезінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Бұл бастаманы тиімді пайдаланып, жеке кәсібін дамытып жатқандардың бірі Ғалия Мұсабаева. Алматы қаласынан көшіп келген ол бүгінде кәсібін дөңгелетіп, туған жеріндегі туризімнің дамуына үлес қосуда. Алғашында ол туристерге жаз мезгілінде ғана қызмет көрсеткен. Уақыт өте келе мейрамхана мен қонақүй жұмысын қатар қолға алып, келушілерге сапалы қызмет ұсынуды жолға қойған.

Ғалия Мұсабаева, ауыл тұрғыны:  

Қоныс аударамыз деп ойлаған жоқпыз. Біз басында жазда ғана келіп кәсіп бастағанбыз. Мына қонақ үйді салдық. Одан кейін келген қонақтарға тамақ ішу керек. Үлкейіп міне ресторан салдық, кафе салдық. Келгеннен кейін ғана білдік біз. Қыста кетіп қалатынбыз. Одан кейін жергілікті «Мансап» орталығының қыздары осындай бағдарлама бар келсеңіздер деп таныстырды. Осы жақта осындай бағдарлама болғаннан кейін, кәсібімізді қыста да жалғастыратын болғаннан кейін келдік. 

Кәсіпкердің кәсібінің дамуына жолдасының да ықпалы зор. Ерлі-зайыптылар салған жаңа қонақүй ауданның туристік инфрақұрылымын толықтыра түскен. Іскер азамат алдағы уақытта қызмет түрлерін жетілдіріп, туристерге ұсынылатын мүмкіндіктерді кеңейтуді көздейді.

Ғалия Мұсабаева, ауыл тұрғыны:  

Жалпы бұны бастағанбыз 2025 жылы бастағанбыз. Биыл аяқтадық. Әлі де бітпеген жерлері бар. Бірақ та іске қосылып, адамдарды қабылдап жатырмыз. 80 адамға дейін қонақ сыйдыра аламыз. Ішінің барлығы жылы, едені жылы. Душы мен туалетының бәрі ішінде. 

Өңірлер арасындағы көші-қонды ынталандыру шаралары ауылдық жерлердегі демографиялық ахуалды жақсартумен қатар, жаңа бастамалардың жүзеге асуына ықпал етеді. Қоныс аударған азаматтардың өз кәсібін ашып, жергілікті экономикаға үлес қосуы –аталмыш бастаманың маңызды нәтижелерінің бірі. Бағдарлама аясында берілетін қолдау азаматтардың жаңа ортаға бейімделуіне және ұзақ мерзімді жоспар құруына негіз болады. Ал ауылдық аумақтарда кәсіпкерлік бастамалардың көбеюі қызмет көрсету саласының дамуына да әсер етеді.

Бекарыс Энгельс 

Бөлісу