Негізгі Жаңалықтар Ауылға көшкендерге жаңа мүмкіндік

Ауылға көшкендерге жаңа мүмкіндік

Қала тұрғындарын ауылдық жерлерге қоныстандыруға бағытталған «Қаладан – ауылға» бағдарламасы биыл алғаш рет жүзеге асуда. Бастама аясында азаматтарға баспана алуға, жұмысқа орналасуға және көші-қон шығындарын өтеуге қолдау көрсетіледі. Осы бағдарлама арқылы Катонқарағайға қоныс аударғандардың да саны артып келет. Бүгінде олар «Мансап» орталығында еңбек етіп, ат басын ауылға бұрған азаматтарға көмек көрсетіп жүр.

Аталған бағдарламаны пайдаланып, қаладан ауылға көшкендердің бірі- Әсел Мадрышева. Қалада тұрса да ауылымен байланысын үзбеген ол туризмді ту еткен өлкеде жаңа мүмкіндіктер пайда болып жатқанын көріп, ата қоныстың өркендеуіне өз үлесін қосу мақсатында ауылға көшуге шешім қабылдаған. 

Әсел Мадрышева, ауыл тұрғыны:

Өзімнің өскен жерім негізі бұл Катоқарағай ауылы. Туризм дамып жатқан кезде осы ауылдың дамуына өз үлесімізді қосайық деп көшіп келген жайымыз бар. Ешқандай қиындықтар болған жоқ. Ең бірінші Мансап орталығынан жұмыс тауып берді. Көші-қон шығындары енді төленеді деп жатыр. Үй сатып алуға да көмек көрсетіледі. 

Бағдарламаға қатысу үшін үміткердің жұмыссыз болуы және Өскемен немесе Алтай қаласында тұрақты тіркеуде тұруы қажет. Қоныс аударушыларға жұмысқа орналасуға көмектесуден бөлек, тұрғын үй сатып алу мен көшу шығындарын өтеу тетіктері де қарастырылған.

Айым Тілеуханова, Мансап орталығының маманы:

Қаладан ауылға бағдарламасы осы жылы алғаш рет ашылды. Оған менің әріптесім Әсел Нұрбекқызы қаладан ауылға бағдарламасымен өтіп, бізге жұмысқа кірді. Жұмысқа кіру талаптары: жұмыссыз болуы керек, шығу өңірі- Өскемен және Алтай қаласы болуы керек. Тұрақты мекен-жайлары сол жақта болуы керек. 

Аталған ауданда бағдарлама аясында қоныс аударушыларды қабылдау жұмыстары әлі де жалғасуда. Бағдарлама бойынша қоныс аударушыларға жергілікті әкімдік барынша қолдау көрсетуде.

Серік Жәкітов, Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары: 

Қазіргі таңда Катоқарағай ауданына 5 отбасы, 12 адам келіп қоныстанды. Ауданымызда тұрып жатыр. Олардың үшеуі Мансап орталығында қызмет жасайды. Кез келген ауданда осы Мансап орталығына жүгінеді келетін азаматтар. Сол жерден толық консультация ала алады. Жаңа айтқан 12 адамның үшеуі сол жерге тұрақты жұмысқа тұрды.

 «Қаладан – ауылға» бағдарламасы ауылдық елді мекендердегі халық санын арттыруға, еңбек ресурстары тапшылығын азайтуға және жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. 

Бекарыс Энгельс 

Бөлісу