Негізгі Жаңалықтар Ширек ғасырға созылған әуендер

Ширек ғасырға созылған әуендер

Облыстық филармониясында Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің 25 жылдығына арналған концерт өтті. Мерейтойлық кеш Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолиядан келген танымал орындаушылардың, дирижерлер мен өнер қайраткерлерінің басын қосты.

Оркестр музыкасы облыстың мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Бала кезден таныс әуендер, шебер орындау және ұлттық аспаптардың қайталанбас үні — Байжігіт атындағы оркестрдің әр концерті қазақ мәдениетінің түп-тамырына жасалған нағыз саяхатқа айналады. 25 жыл ішінде ұжым дәстүрге адалдықты сақтап, ұлттық музыка өнерінің жаңа қырларын аша отырып, үлкен шығармашылық жолдан өтті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Ширек ғасырлық Мерейтой — бұл өткенге тағзым жасап, келешекке жаңа мақсатпен қадам басатын тағылымды белес. Өнерлеріңіз өрге жүзіп, шығармашылық шабыттарыңыз сарқылмасын. Алтайдың асқақ рухын арқалаған күйлеріміз ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар аманатындай ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін дейміз. Домбыраның қос ішегінен төгілген күйдің үні өшпесін. Қазақтың өнерлі ұрпағының мерейі түспесін. Мерейлі мерейтой бәрімізге құтты болсын. 

Еңбектің еленгені — өнердің өрлегені. Өңір басшысы оркестрге 20 миллион теңгеге сертификат табыстап, үздік музыканттарды марапаттады. Қаражат сахналық киімдер мен реквизиттерді жаңартуға бағытталмақ. Музыканттар мұны жай ғана материалдық қолдау емес, тыңдарманды жаңа туындылармен қуантып, шығармашылық белестерді бағындыруға берілген кезекті серпін деп қабылдады.

Оркестрді 14 жылдан бері бас дирижер Шалқар Ырысханұлы басқарып келеді. Осы уақыт ішінде ұжым оның жай ғана жұмыс орны емес, үлкен шығармашылық отбасына айналған. Маэстроның айтуынша, жылдар өтсе де, әр концерттің алдында сахнаға алғаш шыққан кездегідей толқиды.

Шалқар Ырысханұлы, Байжігіт атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің бас дирижері:

Бүгінгі кеш - өте оркестр ұжымы үшін, мен үшін өте маңызды деп айта аламын. Атаулы күннің бірі, олай дейтініміз: биылғы жылы, осы 2026 жыл - бұл біздің оркестріміздің толғанына 25 жыл. Иә, рас уақыт өтіп жатыр. Осы облысымыздың, аймағымыздың және одан да тыс жерлерде осы ұлттық өнеріміздің дәріптелуіне, насихатталуына өзіндік үлкен үлесін қосып келе жатқан өнер ұжымына бүгінде талай белестерді бағындырып келеді . 

Байжігіт атындағы оркестрдің 25 жылдығы оның шығармашылық жолын еске алуға, музыканттардың қазақ ұлттық өнерін сақтау мен дамытуға қосқан үлесін атап өтуге, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығының маңызын айқындауға себеп болды. Мерейтойлық концерт кәсіби музыка қауымдастығының өкілдерін біріктіріп, Шығыс Қазақстанның мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналды.

Ариана Нұрлыбекқызы


Бөлісу