Болашаққа бастар бастама
Өскеменде республикалық бизнес-қоғамдастығы жаңа әлеуметтік бастамасын таныстырды. Жоба ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдерді қолдауға бағытталған. Оның аясында үш жасөспірім бір жылдық кәсіби білім алып, қажетті практикалық дағдыларды меңгереді. Сондай-ақ болашақта жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, базалық академиялық білім алған балалар үшін ендігі маңызды міндет – тәжірибелік дағдыларды игеру. Өйткені нақты кәсіпті меңгеру олардың болашақта өз бетінше еңбек етуіне жол ашады. Осыны ескерген бастамашылар бұл жолы қайырымдылық көмекті қысқа мерзімді курстарға емес, толыққанды кәсіби оқытуға бағыттауды жөн көрген. Жобаға қатысатын жасөспірімдер өз қызығушылығы мен қабілетіне қарай мамандық таңдап, бір жыл бойы білім алады.
Мақпал Түсіпова, кәсіпкер:
Біз қайырымдылық шараларын жиі өткіземіз. Олардың бағыттары да әртүрлі. Әдетте шағын курстардың ақысын төлеп беретінбіз. Бұған дейін «Мама про» қоғамдық қорымен жұмыс істедік, алайда қазір ол қор жұмыс істемейді. Ерекше балалардың аналарымен сөйлескенімде, олар балаларының академиялық білімі жеткілікті екенін айтты. Қазір олар үшін ең маңыздысы – балалардың белгілі бір кәсіп меңгеруі. Яғни, бүгінгі таңда бұл – ата-аналарды толғандыратын басты мәселе. Балаларының білім алып, болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндігі болғанын қалайды.
Оқыту бағдарламасы әр қатысушының жеке қабілеті мен қызығушылығына сәйкес жасақталады. Қазірдің өзінде медицина саласы, ұлттық тоғызқұмалақ ойыны бойынша жаттықтырушы даярлау және ағылшын тілін үйрену бағыттары қарастырылған. Сабақтарға тиісті сала мамандары мен кәсіпкерлер тартылмақ. Олар жасөспірімдерге теориялық білім беріп қана қоймай, таңдаған бағыты бойынша тәжірибе жинақтауға да көмектеседі.
Дина Әшімжанова, тіл мектебінің негізін қалаушы:
Сапалы білім – ең алдымен, адамның ересек өмірде өз бетінше өмір сүруіне көмектесетін құрал. Сондықтан бұл бастама өте игілікті деп санаймын. Біз «Ақниет» мектебінің жақында кәмелет жасына толатын бір оқушысын оқытамыз. Оқу жылы бойы оған ағылшын тілін және осы пәнді оқыту әдістемесін үйретемін. Оның болашақта мұғалім болып жұмыс істеуіне қажетті білім қоры қазірдің өзінде жеткілікті.
Светлана Кривицкая, «Ақниет» мектеп-интернаты директоры:
Бұл – біздің балаларымыз үшін өте құнды әрі маңызды мүмкіндік. Ең алдымен, мұндай қолдау олардың өзін-өзі бағалауына оң әсер етіп, өздеріне деген сенімін арттырады. Кәсіпкерлер балалардың болашақта жұмысқа орналасуына көмектесуге дайын екендерін айтып отыр. Жалпы, бұл олардың өмір сүру сапасын жақсартып, қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.
Іс-шара барысында журналдың жаңа саны да таныстырылды. Бұл жолғы басылымның басты кейіпкерлері – IT-компанияның негізін қалаушылар Александр мен Людмила Левитанустар. Кәсіпкерлер журнал беттерінде өз бизнесін қалыптастыру жолы, алғашқы қадамдары және жетістікке жетуге ықпал еткен негізгі факторлар туралы баяндаған. Олардың кәсіпкерлік жолы үш онжылдықтан астам уақытты қамтиды.
Александр Левитанус, IT-компания өкілі:
Біз қандай жолдан өткенімізді, жетістікке қалай жеткенімізді, бізге не мотивация болғанын және бұл іспен не себепті айналысуға бел буғанымызды баяндадық. Сондықтан журналдың мұқабасына шықтық.
Людмила Левитанус, IT-компания өкілі:
Компанияның құрылғанына отыз жылдан асты. Бұл, әрине, ұзақ жол болды. Александр айтқандай, біз бәрін нөлден бастадық. Жоқ, тіпті минустан бастадық деуге болады. Ал қазір компаниямыз тек облыста ғана емес, бүкіл елдегі жетекші кәсіпорындардың біріне айналды.
Журналдың жаңа саны өз еңбегімен кәсіп ашып, оны дамытып келе жатқан кәсіпкерлердің оқиғаларын біріктірген. Басылымда бизнестегі алғашқы қадамдар, кездескен қиындықтар және оларды еңсеру тәжірибесі баяндалады. Мұндай жобалар кәсіпкерлік ортаның дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың тәжірибесін көпшілікке танытуға мүмкіндік береді.
Бекарыс Энгельс