Өңірде 65 өрт оқиғасы тіркелді
Жылыту кезеңі басталғалы өңірде тұрғын үй секторында алпыстан астам өрт оқиғасы тіркелген. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рашид Блялов мәлімдеді. Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы мен оның алдын алу шаралары жайлы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте талқыланды.
Тілсіз жаудың алдын алу – әр үйдің қауіпсіздігінен басталады. Жылу беру кезеңі басталғалы құтқарушылар елді мекендерді аралап, тұрғындарға өрттен сақтану жолдарын ескертіп келеді. Осы уақыт ішінде 27 мыңнан астам тұрғын үй мен аула қамтылып, халықпен 70 мыңнан астам профилактикалық кездесу өткен. Бұған қоса, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жүзден астам ақпараттық материал жарияланған.
Рашид Блялов, ШҚО ТЖД бастығы:
Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үй секторында 65 өрт тіркеліп отыр бүгінгі таңда. өрттердің негізгі себептеріне тоқталып өтсек, пештердің пайдалану талаптарын бұзылуы 24 жағдай, отпен абайсыз әрекет ету 19 жағдай және электр жабдықтарын пайдалану талаптарын сақталмауы 15 жағдай. Аталған өрттердің басым бөлігі қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы болдырмауға болатын еді.
Қыс қаһарына мінгенде пештің қызуы мен электр желісінің жүктемесі де арта түседі. Ал улы газдың көзге көрінбейтін, иіссіз болатыны адам өміріне үлкен қауіп төндіреді. Осыны ескерген мамандар әлеуметтік осал топтағы отбасылардың баспаналарына ерекше назар аударуда. Соған сәйкес соңғы 6 жылда 17 мыңнан астам улы газ датчигі орнатылған. Нәтижесінде мамандар қойылған құрылғылардың көмегімен туындаған оқыс оқиғалардың алдын алған.
Нұржан Өміржанов, ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
Жылыту маусымына дайындық жұмыстары бізде тамыз айында басталған болған. Бұл кезде әлеуметтік осал топтардан біз бастадық. Аралау жұмыстарын жүргізіп, бүгінгі таңда бұл әлеуметтік осал топтардағы жанұялардың жүз пайыз бірінші кезеңде жүріп шықтық. Қазір таңда осы айдың аяғынан кейін жүру барысында қай үйлерде бұзушылықтар анықталды, соларды жою бойынша екінші этапын жүргізіп жатырмыз. Енді жыл басынан бері өрттер мен жануарлардың салдарынан тұрғындар алты жүзден астам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді бұл дегеніміз біздің тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан болып отыр.
Құтқарушылардың айтуынша, өрттің алдын алу көп жағдайда тұрғындардың өз жауапкершілігіне байланысты. Пештің мұржасын уақытылы тазалап, электр желісін шамадан тыс жүктемеу, ақаулы құрылғыларды пайдаланбау – қауіпсіздіктің басты шарттары. Сонымен қатар жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмай, балаларды жылыту құралдарынан алыс ұстаған жөн.
Нұртас Қайролдаев