Негізгі Жаңалықтар Авторлық құқық енді цифрлық бақылауда

Авторлық құқық енді цифрлық бақылауда

Елімізде авторлар мен орындаушылардың құқығын қорғайтын жаңа «QazCopyright» деп аталатын цифрлық платформа іске қосылды. Аталған туындыны Алматыдағы Қазпатент филиалы Өскемендік өнер иелеріне онлайн режимде жүйенің жұмысын таныстырды. 


Түрлі телебағдарламаларда, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарында күн сайын мыңдаған музыка ойнайды. Бірақ сол әнді жазған композитор мен орындаушының құқығы қаншалықты қорғалған? Жеке мекемелердің қаламақы төлемейтіні, тіпті кейбір телешоулардың туындыны рұқсатсыз қолданатыны – шығармашылық иелерін толғандырған басты мәселеге айналған еді. Сондай шешімі жоқ шиеленістің алдын алу жолы бүгінде жақсылап жолға қойылып, жүйелі жұмыс тың жауабы да табылған.

Гүлфара Сарбасова , ШҚО Әділет департаменті Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы: 

Енді әрбір оның туындысы, музыкасы ойнаған сайын ол кісіге сыйақы түсіп отырады. Осы қолданушылар арқылы құқық иеленушілер деп айтып отырмыз ғой, жаңағы кафе-ресторандар, караокелер ойнатқан сайын әрбір музыканы мысалы. Сол музыкаға байланысты сыйақысын алып отырады. 

Жиынға Өскемендегі бірнеше мекеме мен өзге өңірлерден ZOOM арқылы мамандар қатар қосылды. Олар ондаған авторлық қоғамдардың қайсысына жүгінерін білмей, сарсаңға түсетіндерін де жасырмады. Мамандардың айтуынша, бұл мәселені шешу жолы қарастырылған. Яғни автор электрондық цифрлық қолтаңба арқылы «QazCopyright» платформасына тіркеліп, өз туындысын базаға енгізуі керек. Сонда аталған жүйе туындының заңсыз қолданылуына тосқауыл қойып қана қоймай, оны кинорежиссерлер мен ірі жоба авторларының ресми сатып алуына да жол ашады. 

Жұлдыз Бейсенбинова , ШҚО драма және оперетта театрының заңгері: 

Өйткені бізде қазір авторлар көп қой. Көп мысалы үшін, сондай сұрақтармен бізге келеді, сұрайды. Қалай біздің мысалы үшін, құқығымызды қорғайды? Кім, қандай қоғамға біз бару керекпіз деп. Сондықтан енді бүгін семинардан көп әсер алдым деп ойлаймын, көп сұрақтарыма жауап алдым. Осындай семинарлар ары қарай өте берсе, өйткені қазіргі уақытта бұл ең бір маңызды мәселе ғой. 

Цифрлық бақылау күшейген сайын, өнер иелерінің де құқығы нығая түспек. Мамандар өңірдегі авторлардың сауатын арттыру мақсатында мұндай түсіндіру кездесулерін алдағы уақытта да тұрақты өткізіп тұруды көздеп отыр.


Ариана Нұрлыбекқызы



Бөлісу