«Болашақ ойындары»
Облыс орталығында мемлекеттік қызметшілер арасында «Болашақ ойындары» кубогы өтті. Жарысқа 8 команда қатысып, қатысушылар заманауи технологиялар мен спортты ұштастыратын екі кезең бойынша бақ сынасты. Толықрақ тілші материалында.
Шараның ашылу салтанатына аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағановта қатысып, жарыстың өңір жастары үшін маңыздылығына тоқталды. Ол мұндай ойындар өскелең ұрпақты цифрлық технологияларға баулып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағыттайтынын жеткізді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Мемлекет басшысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл — Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып белгіленді. Осы бастама аясында елімізде көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Соның бірі — жақында Астана қаласында өткен халықаралық «Болашақ ойындары». Осы жарысқа қатысқан Мемлекет басшысы: «Бұл — спорт пен интеллектің үйлесімі, сондай-ақ күш-қайрат пен зияткерлік әлеуеттің бәсекесі», – деген болатын. Бұл жарыс заманауи технология мен спорттың бір-бірін толықтыратынын көрсетеді.
Облыстық Цифрландыру және архивтер ісі басқармасы цифрландыруды дамыту бөлімінің басшысы Гүлназ Ахметованың айтуынша, жарыс Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған.
Гүлназ Ахметова, ШҚО Цифрландыру және архивтер ісі басқармасы цифрландыруды дамыту бөлімінің басшысы:
Мұндай ойындар Астана қаласында өткізілген болатын. ШҚО бірінші рет Өскемен қаласында ұйымдастырылды. Бұл ойындарда физикалық және ақпараттық, техналогиялық тоғысқан ойындар болып саналады. Барлық командаларға сәттілік тілейміз.
Турнир екі кезең бойынша өтті. Алдымен командалар Digital Stage кезеңінде VR платформасындағы тактикалық ойыннан сынға түсіп, виртуалды кеңістікте стратегиялық ойлау мен шапшаңдығын көрсетеді. Ал Physical Stage кезеңінде сайыс лазертаг алаңында жалғасып, қатысушылардың жылдамдығы мен дене дайындығы тексеріледі. Бес адамнан жасақталған командаларға тек жеке шеберлік емес, өзара сенім мен ортақ үйлесім аса қажет.
Нұрболат Өтеев, жарысқа қатысушы:
Бұл ойынның қызықтылығы физикалық тұрғыдан да және ақпараттық жағынан ЖИ біріктіре отырып бар күшімізді салып жатырмыз. Ойында жеңіске жетуге тырысамыз. Ойыншыларымызда дайын. Болашақта да осындай ойындарға қатысу жоспарымызда бар. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.
Жарыс соңында топ жарған үздіктер марапатталды. Бұл бәсеке заманауи технологиялар мен спортты ұштастырып қана қоймай, қатысушылардың өзара ынтымақтастығын нығайта түсті.