Негізгі Жаңалықтар А. Байтұрсынов мектебі 30 жылдық мерейтойын атап өтті

А. Байтұрсынов мектебі 30 жылдық мерейтойын атап өтті

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №20 мектептің мерейтойы аталып өтті. Білім ордасының тарихы жетістіктермен ғана емес, мектеп өмірімен тағдыры тоғысқан жандардың естеліктерімен де өрілген. Ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар білім ордасындағы қызықты сәттерді еске алып, бүгінгі мектеп тынысы мен жетістіктері туралы әңгімеледі.

Мектеп тарихы ресми даталар мен жетістіктерден ғана құралмайды. Оның шынайы шежіресі – талай жыл бойы білім ордасымен тағдыры сабақтасқан жандардың өмір жолында. Бірі үшін бұл – кәсіби қызметінің орны болса, енді бірі үшін отбасы өмірінің ажырамас бөлігі.

Толқын Түкібаева, №20 мектеп директорының орынбасары:

Бүгін біз үшін , біздің ұжым, ата-ана және оқушылар үшін ерекше күн. Осы мектебіміздің қазақ мектебі болып қаланғанына 30 жыл толып отыр. Енді бұл тарих үшін аз уақыт болғанымен, қанша шәкірттің қанатын қатайтып, үлкен өмірге жолдама берген үлкен белес. Бұл мектеп мен үшін ерекше. Себебі ең алғашқы еңбек жолымды осы мектептен бастадым және алғашқы сабақтарым, алғашқы шәкірттерім осы мектп ұжымындағы барлық мұғалімдердің қолдауы барлығы осы мектеп қабырғасында өтті. 

Білім беру мекемесінің жұмысын бағалау түрлі көрсеткіштерге негізделеді. Соның бірі – мектеп түлектерінің болашақта таңдаған жолы. Бұл олардың мектеп қабырғасында алған білімінің кейінгі өмірлік таңдауына және кәсіби тұрғыда қалыптасуына қаншалықты негіз болғанын аңғартады.

Ертай Арнапасов, №20 мектеп директоры:

30 жыл ішінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектебіміз талай түлектерді ұшырып шығарды. Оның ішінде әртүрлі саланың қызметкерлері, қазір мемелекет басшылығында жүрген азаматтар бар, мәдениет қайраткерлері, мәдените саласында қазір еңбек етіп жүргендер, медицинада үлкен хирург мамандар бар осы мектепте білім алған. Ең бастысы бұл мектепте салт-дәстүр жақсы сақталған. 

Ата-аналар үшін баланың мектептегі өмірі – жылдар бойы қалыптасатын тәжірибе. Бұл уақыт ішінде олар білім беру үдерісін ғана емес, оқу орны жұмысының жалпы ұйымдастырылу деңгейін де бағалай алады.

Данияр Елеманов, қала тұрғыны: 

Бұл шаңырақта менің ұлдарым оқиды. Бірі мектепті бітіріп кеткен. Бұл мектеп бізге өте ыстық біздің отбасымызға, жанұямызға. Осы мектепті бірінші сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін оқып бітірген ұлымыз, осы мектепті қызыл аттестатпен аяқтап, Астанаға оқуға түсті. Бұл мектеп жайлы қысқаша айтатын болсақ мектептің қабырғасында ұлағатты, білікті ұстаздар жұмыс істейді. 

Оқушылар мектеп өмірін өз тәжірибесі арқылы таниды. Олар үшін сабақта алған біліммен қатар, өз бастамаларын жүзеге асыру, түрлі бағытта қабілеттерін сынап көру және мектеп ұжымының қоғамдық өміріне белсене араласу да маңызды.

Қызайым Асан, оқушы:

Жалпы бүгінгі мектебімізге 30 жыл толуда. Бұл отыз жылдың ішінде көптеген үйірмелер ашылған. Атап өтсек домбыра үйірмесі және жас жол инспекторы. Сол арқылы біз көптеген жетістікке жеттік. 

Мектеп жетістіктерінің артында әр буынның өкілдері тұр. Бірі білім ордасының дәстүрін қалыптастырса, енді бірі бүгінгі күні сол жолды жалғастырып келеді. Ал жас буын енді ғана үлкен өмірге қадам басуда. Олардың әрқайсысы үшін мектеп – ортақ тарихтың ажырамас бөлігі.

Бекарыс Әмірбек




Бөлісу