Негізгі Жаңалықтар Халықаралық Еуразиялық АРТ-платформа

Халықаралық Еуразиялық АРТ-платформа

Облыс орталығында Халықаралық Еуразиялық АРТ-платформаның II ашық креативті форумы өтті. Суретшілер мен қолөнер шеберлерін бір алаңға тоғыстырған шара аясында көркемөнер көрмесі мен жәрмеңке ұйымдастырылды. Қатысушылар өз туындыларын көпшілік назарына ұсынып, тәжірибе алмасты.

Шараның мақсаты – Өңірдің шығармашылық әлеуетін өзге аймақтармен ұштастырып, ортақ кеңістік қалыптастыру. Қатысушылар өз жобаларын таныстырып қана қоймай, кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, тың бастамаларын ортаға салды. Шығармашылық бағыттағы бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік беретін алаңның маңыздылығына тоқталған облыс әкімінің орынбасары мұндай бастамаларға сұраныс жоғары екенін атап өтті. 

Айдар Садырбаев, ШҚО әкімінің орынбасары:

Мұндағы мақсат – төл өнерімізбен қатар, заманауи трендтерді насихаттау арқылы өзіміздің қанымызға сіңген мәдениет, өнер туындыларын мейлінше бұқара, көпшілікке жеткізу. Жастардың шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру.  

Форум өнер мен мәдениетті, шығармашылықты серік еткен жандардың басын қосты. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта жобаны дамытудың нақты жоспарын әзірлеп, форумда ұсынылған үздік жұмыстарды кеңінен насихаттауды көздеп отыр. 

Станислав Цих, форум ұйымдастырушысы: 

Жобаның негізгі идеясы – Шығыс Қазақстанды ғана емес, көршілес аймақтардың да шығармашылық күштерін біріктіріп, біртұтас креативті кеңістік құру. Форум аяқталғаннан кейін де осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Үздік жұмыстар виртуалды кеңістікте жарияланып, форумның таңдаулы жобалары жинақталған баспа басылымдары да жарық көреді. 

Форум аясындағы маңызды алаңдардың бірі – көркемөнер көрмесі. Мұнда Николай Павлович Аштеманың картиналары көпшілік назарына ұсынылды. Көрме келушілерге суретшілердің шығармашылығымен жақынырақ танысып, өнер туындыларын тамашалауға мүмкіндік берді. 

Валентина Кравченко, суретші:

Станиславқа алғысым шексіз. Өйткені оның жобалары шынымен де ауқымды. Ол «Будем жить» фестивалі сияқты алғашқы жобаларын енді қолға алып жүрген кездің өзінде-ақ мені таңғалдырған еді. Оның мұның бәрін қалай жүзеге асыратынын білмеймін. Ол үшін адамның ерекше көрегендігі болуы керек деп ойлаймын. Өйткені бір нәрсені ойластыру бір бөлек те, оны ұйымдастырып, көпшілікке ұсынып, бүгінгідей жоғары деңгейде өткізу – мүлде басқа дүние. Мұның өзі үлкен еңбекті талап етеді. 

Көрмеде қолдан жасалған бұйымдар да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қолөнер шеберлері өз жұмыстарына пайдаланатын материалдар мен жасау тәсілдерін таныстырып, әр бұйымның дайындалу барысын түсіндірді. Солардың бірі – гальванопластика әдісімен табиғи жапырақтардың пішінін металға түсіретін шебер.

Любовь Андреева, қолөнер шебері:

Мен гальванопластикамен айналысқаныма екі жыл болды. Бұл – өте қызықты жұмыс. Алдымен жапырақтарды жинап аламыз. Оны бірнеше сағат бойы электролит ерітіндісіне салғанда, мыс иондары жапырақтың бетіне шөгеді. Осылайша бастапқы өнім пайда болады. Кейін жапырақты күйдіріп, оның табиғи бөлігін алып тастаймыз. Нәтижесінде мынадай бұйым шығады. Яғни жасыл жапырақ көрінбей, оның пішіні металл түрінде сақталады. 

Көрме шығармашылық иелеріне өз еңбектерін таныстыруға, ал келушілерге қолөнердің түрлі бағыттарымен танысуға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар Халықаралық платформа алдағы уақытта тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және бірлескен шығармашылық жобаларды дамытуға арналған тұрақты алаңға айналады деп үміттенеді.

Фатима Тілейханқызы


Бөлісу