Негізгі Жаңалықтар Риддерде жолдау міндеттері талқыланды

Риддерде жолдау міндеттері талқыланды

Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерді түсіндіру және өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Риддер қаласына республикалық делегация барды. Оның құрамында Құрылтай депутаттары, министрліктердің жауапты өкілдері мен вице-министрлер бар. Жұмыс сапары барысында олар қала тұрғындарымен және түрлі сала мамандарымен кездесіп, әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы мәселелерді талқылады.

Алғашқы кездесу қала тұрғындарымен өтті. Жиында Риддердің өндірістік әлеуетін арттыру, жылу электр орталығын жаңғырту және қалалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Тұрғындар Өскемен мен Риддер арасындағы жолдың жай-күйі мен көлік қатынасының сапасына қатысты да ұсыныстарын ортаға салды. Өз кезегінде жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме беріп, оларды шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Олжас Нұралдинов, ҚР Құрылтай депутаты:

Қазір дамуы жаңа бір дәрежеге шығып келе жатыр. Келе жатқан кезде инфрақұрылым , нешетүрлі тау-шаңғы базалары салынған , соның бәрін тамашалап келдік. Одан бөлек өндіріс қаласы болғаннан кейін дамуы да біріншіден кен-тау өндірісі, әлі күнге дейін мемелекетімізге өте маңызды. Риддер қаласы жалғыз ШҚО емес, бүкіл Қазақстанның экономикасына үлкен үлес қосып отырған қалалардың бірі. 

Кездесуде денсаулық сақтау саласының мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Медицина саласында мол тәжірибесі бар Құрылтай депутаты Жұлдыз Дәнбаева медициналық қызмет сапасын арттыру, дәрігер тапшылығын азайту және ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

Жұлдыз Дәнбаева, ҚР Құрылтай депутаты:

Бүгін біз Мемлекет басшысының Жолдауының негізгі бағыттарын талқылауға Риддер қаласының тұрғындарымен кезедсуге келіп отырмыз. Мен медицина саласында көп жылдар жұмыс істегеннен осы саладағы өзгерістерді айтып түсіндіргім келген. Осы Риддер қаласында 200 төсек орындық жаңа аурухана ашылды, 500 орындық емхана ашылды. Бірақ барлық Қазақстандағыдай медициналық қызметкерлердің тапшылығы байқалып отыр. Жолдаудағы ең маңызды мақсат медицина қызметкерлерінің жалақысын 40 пайызға көтеру. 

Бұдан кейін делегация «Алтай» ботаникалық бағында ұжыммен кездесті. Онда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру, өсімдіктер дүниесін сақтау және экологиялық туризмді дамыту мәселелері сөз болды. Сонымен қатар табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызы атап өтілді. Депутаттар мамандардың ұсыныстарын тыңдап, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған ғылымды дамыту және адами капиталды нығайту міндеттеріне тоқталды.

Азамат Биахметов, Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының бөлім басшысы:

28 қазандағы Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілгендей қазіргі таңда экомәдениетті дамыту және «Таза Қазақстан» бастамасын біз қолдаймыз. Бүгінгі таңда Құрылтай депутаттарымен өткізген кездесу барысыныда Мемлекет басшысының Жолдауындағы тармақтар талқыланып, алдағы атқарылатын жұмыстардың мән-жайы нақтыланды. 

Жұмыс сапары Риддер су арнасының ұжымымен кездесумен аяқталды. Онда ауызсу жүйесінің тұрақтылығы, желілердің тозуы және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері көтерілді. Мамандар өз ұсыныстарын жеткізіп, саладағы түйткілдерді шешу жолдарын талқылады. 

Бекарыс Әмірбек


Бөлісу