Негізгі Жаңалықтар Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру

Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру

Глубокое ауданында Құрылтай депутаты Ерлан Саиров, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Денис Рыпаков және ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов аудан активімен кездесті. Кездесу барысында Президенттің «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер талқыланды.

Кездесу барысында экономиканы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері қаралды. Депутаттың айтуынша, алдағы үш жылда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 6,5 триллион теңге бағыттау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 70 денсаулық сақтау нысаны мен білім, мәдениет және спорт салаларында 50 нысан салу көзделген.

Ерлан Саиров, ҚР Құрылтай депутаты:

Жергілікті жерлерде алғашқы медициналық көмек көрсететін пункттердің жетіспейтіні айтылды. Меніңше, бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігінің алдына қоюымыз керек. Қазақстанда ауқымды құрылыс аясында жақсы нәтиже көрсеткен бағдарламаны өңірлерде де жүзеге асырып, медициналық пункттерді салып, жаңғырту қажет. Сонымен қатар мектеп құрылысы мәселесі де көтерілді. Қазақстан дамып келеді, демографиялық өсім оң көрсеткішке ие. Сондықтан барлық өңірде әлеуметтік нысандарды, соның ішінде мектептер мен ауруханаларды қажеттілікті алдын ала ескере отырып, қарқынды салуымыз керек. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жүргізіледі. 

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Денис Рыпаков мәселені көтерумен қатар, оның шешу жолдарын ұсынудың да маңызды екенін атап өтті. Кездесуде коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдарды дамыту және жастарға қолайлы жағдай жасау мәселелері сөз болды. Атап айтқанда, жылумен қамту жүйесінің сенімділігін арттыру, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, елді мекендерді абаттандыру және сапалы ауызсумен қамтамасыз ету міндеттері назарға алынды.

Денис Рыпаков, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:

Қазір бүкіл Қазақстан бойынша, соның ішінде біздің өңірде өтіп жатқан мұндай кездесулердің халық үшін маңызы зор. Тұрғындардың белсенділігі жоғары, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, талқылауға белсене қатысып жатыр. Барлығы мұқият тыңдауда. Президенттің Жолдауы қоғамға серпін беріп, болашаққа деген үлкен үміт ұялатты деп айтуға болады. Бірақ бұл жай ғана үміт емес, алға қойылған міндеттердің нақты жүзеге асуына деген сенім. Өйткені айтылған мақсаттар да, міндеттер де нақты. Мен бірнеше кездесуге қатыстым, алайда министрлік өкілдері мен Құрылтай депутаттары қатысқан мұндай форматтағы жиынға алғаш рет келіп отырмын. Сондықтан бұл кездесудің маңызы ерекше. 

Билік өкілдері Абай атындағы мәдениет үйінде болып, аудан активімен кездесті. Бұдан бөлек, аудандық кітапханада мәдениет және спорт саласының қызметкерлерімен жүздесу өтті. Екі кездесуде де тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікірлерін ортаға салды. Өзекті мәселелерді талқылауға белсенді қатысты.

Алтай Қалиғожин, Глубокое ауданының тұрғыны:

Еліміздің Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауымен мұқият таныстық. Онда Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және еліміздің әлемдік қауымдастықтағы орнын нығайту мәселелері қамтылған. Президент алдағы жылдарға арналған экономиканы нығайту жөніндегі міндеттерді айқындады. 

Глубокое ауданындағы кездесулерде әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қолдау мәселелері кеңінен талқыланды. Тұрғындармен ашық диалог өзекті түйткілдерді айқындап, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асырудың алдағы қадамдарын белгілеуге мүмкіндік берді.

Бекарыс Энгельс


Бөлісу