Жолдауда жүктелген міндеттерді іске асыру талқыланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мәселелері Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен кеңесте талқыланды. Басқосуда өңірдің алдағы жылдарға арналған даму бағыттары, бюджет қаражатын тиімді жоспарлау, инвестиция тарту және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері қаралды. Сондай-ақ «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында қолға алынатын әлеуметтік нысандар, денсаулық сақтау саласының дамуы, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу және жол құрылысының барысы сөз болды. Толығырақ Нұртас Қайролдаевтің материалында.
Жиында өңір экономикасын дамыту, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу мәселелері сөз болды. Әсіресе, сирек және сирек жер металдарын игеруге басымдық берілмек. Осы бағытта Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында Критикалық материалдар және орнықты металлургия институты ашылған.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Жолдау стратегиялық бағдарлардың жай ғана тізбесі емес, бұл әр-бір мемлекеттік органның және әр басшының күнделіктті жұмысында көрініс табуы тиіс іс-қимыл бағдарламасы. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне жеке тоқталғым келеді. Белгіленген барлық басымдықтарды іске асыруға тікелей қатысуды қамтамасыз ету қажет. Қосымша тапсырмаларды күтпей, проблемалық мәселелерді өздеріңіз анықтап, шешу жолдарын ұсынып, өз аумақтарыңыздың дамуына жауапкершілік алуларыңыз керек. Келесі жыл Шығыс Қазақстан облысы үшін нақты нәтижелерге жаңа мүмкіндіктерге және сапалы өзгерістерге қол жеткізетін жыл болуы тиіс.
Облыс әкімі нақты нәтижеге қол жеткізу үшін әр саладағы жұмысты жүйелі жүргізу қажеттігін атап өтті. Әсіресе, әлеуметтік нысандарды салу мен халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру маңызды. 2021–2026 жылдары облыста 45 медициналық нысан ашылды. Оның 36-сы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Биыл Өскеменде Гематология орталығы пайдалануға берілді. Ал 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Нысан 2027 жылдың соңында ашылады деп жоспарланған.
Нұрсұлтан Маратов, ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:
Облыста халықтың табысын артырудың 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру жалғасады. Жеке міндеттердің бірі мемлекет басшысының 2027 ж 1-қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру жөніндегі тапсырмасымен байланысты. Бюджеттік бағдарламалар әкімшіліктермен бірлесіп, ведомствалық ұйымдарда жалақысы көтерілетін қызметкерлердің санын айқындау қажетті. Қаржы көлемін есептеу және қабылданған шешімдерге сәйкес бюджет параметрлерін анықтау оң ескеру жұмыстары жүргізілуде.
Көлік инфрақұрылымын дамыту аясында биыл облыста 630 шақырым жол жөнделген. Оған барлық қаржыландыру көздерінен 124 миллиард теңге қарастырылған. Өскеменде Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы басталды. Жоба құны – 101 миллиард теңге. Сонымен қатар Зайсан және Катонқарағай аудандарындағы әуежай құрылыстары аяқталуға жақын. Зайсандағы әуежай құрылысы 98,7 пайызға дайын, Катонқарағайдағы нысанның дайындығы 80 пайызға жеткен. Алдағы міндет – өтпелі жобаларды мерзімінде аяқтап, жол сапасына бақылауды күшейту дейді мамандар.
Руфат Акрамов, ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
Алдағы кезеңдегі басты міндеттердің бірі – өтпелі жобаларды аяқтап, «Халықтық құрылыс» жылында құрылыс қарқынын арттыруға дайындықты күшейту. Қазір облыста әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу және жаңғырту бойынша 25 жоба әзірленуде. Оның 12-сі – білім беру, 12-сі – спорт, 3-еуі – мәдениет саласына қатысты. Білім беру бағытында 4 жоба жүзеге асыруға дайын. Оның қатарында Өскемен, Зайсан және Глубокое аудандарындағы жаңа мектептер бар. Тағы 7 жобаның құжаттары әзірленіп жатыр. Ал спорт саласында 3 нысанның жобалық құжаттары дайын.Бұдан бөлек, Өскемен қаласында 10 мың орындық мұз айдыны және әмбебап спорт аренасын салу жоспарланған. Риддер қаласында да спорттық және мәдени нысандар бой көтермек. Барлық жобаның сапалы дайындалып, сараптамадан уақытылы өтуіне және қаржыландыру мәселесінің жүйелі шешілуіне басымдық беріледі.
Сонымен қатар өңірде цифрландыру жұмыстары күшейтілмек. Қазір облыста 25 экологиялық бекет пен жылу жүйесіндегі 23 датчиктен мәлімет жиналса, қоқыс алаңдары мен арнайы техникалар цифрлық бақылауға алынған. Сондай-ақ 243 фото-бейнетіркеу кешені жұмыс істейді. Алдағы уақытта жасанды интеллектіні өндіріс пен ауыл шаруашылығына енгізу көзделген. Басты мақсат – Жолдаудағы міндеттерді нақты іске асырып, өңірдің дамуына серпін беру.
Нұртас Қайролдаев