Негізгі Жаңалықтар Тарбағатайдан жеткен тағылымды тарту

Тарбағатайдан жеткен тағылымды тарту

Облыс орталығында Тұғырлы мекен Тарбағатай ауданының мәдениет күндері өтті. «Туған жер – алтын бесігім» облыстық жобасы аясында ұйымдастырылған мерекелік шара білім беру, шығармашылық және мәдени-ағартушылық бағыттағы жобаларды тоғыстырды. Қала тұрғындарына Тарбағатай өңірінің бай тарихы мен салт-дәстүрі, жергілікті шеберлердің қолөнер туындылары және өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Мәдени күндердің негізгі алаңына айналған облыстық филармонияда арнайы тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Филармонияның фойесінде жасақталған экспозиция арқылы келушілер Тұғырлы өлкенің тарихымен, бүгінгі жетістіктерімен және мәдени мұрасымен танысты. Көрмеге халық қолөнерінің үлгілері, ұлттық тағамдар мен жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері қойылды.


Гүлнұр Шектібаева, Тарбағатай ауданы білім бөлімінің әдіскері:

Бұл жерге біз барлық білім беру ұйымдарының педагогтерінен көрме алып келіп тұрмыз. Бұл жерде 34 қыздан және 2 ұлдан құралған. Енді біз көрмеде өздеріңіз көріп тұрғандай, әр түрлі және ұлттық нақышты және заманауи нақышты келтіре отырып, осындай образдар жасап шығардық. 

Шара барысында аудан педагогтері мен мамандары әзірлеген шығармашылық жобаларға да ерекше назар аударылды. Ұлттық өнер мен дәстүрлі қолөнер туындыларымен қатар, заманауи технологиялардың мүмкіндіктері де көпшілік назарына ұсынылды. Ұстаздар цифрлық шешімдерді пайдалана отырып жасаған тың әзірлемелерін және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын таныстырды.


Ақжол Гемиңлай, Тарбағатай ауданы білім бөлімінің әдіскері:

Сүйектен жасалған жұмыстар әкеліп отырмыз. Мына жерде қарап отырсаңыздар сүйектен түрлі жұмыстар жасалған, қазақтың ұлттық аспатары көрсетілген жәнеде ертегі желісімен қарлығаштың құйрығы неге айыр дегені бойынша түрлі жұмыстар әкелініп отыр. Онымен қоса жұмсақ ойыншықтар, аудандық көркем пән еңбек мұғалімдері тіккен ойыншықтар көрсеңіздер болады.  

Мәдени бағдарламада тарихи-танымдық бағыт та кеңінен қамтылды. Аудандық кітапхана қызметкерлері өңірден шыққан белгілі тұлғалар, табиғаты көркем мекендер мен Тарбағатай ауданының өткені туралы мазмұнды материалдар әзірлеп, көпшілікке ұсынды.


Талант Оразаев, Тарбағатай аудандық кітапханасының редакторы:

Мерекеге өзіміздің ұлттық тағамдарымызды, өзіміздің ауданға белгілі тұлғаларымыз солар туралы жасанды интелектпен видеолар дайындап және де өзіміздің Тарбағатацй ауданының тарихы Қандысу өзенінің шығу тарихы, маңырақ тауының аталу себебі сол туралы білісін деп сол туралы жасанды интелектпен видеолар дайындап алып келдік. 

Мәдени күндердің алғашқы күні ауқымды концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Облыстық филармония сахнасында Ақжар ауылдық мәдениет үйінің халық оркестрі, халық театрының әртістері, ерлер вокалдық ансамблі және «Барқытбел» этноансамблі өнер көрсетті. Көрермендер назарына халық әндері, домбыра күйлері мен заманауи патриоттық шығармалар ұсынылды. Гала-концертке жиналған көрермендер залы лық толып, өнерпаздардың өнері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Осылайша, Тарбағатай ауданының мәдениет күндері өңірдің рухани байлығын, ұлттық құндылықтары мен шығармашылық әлеуетін танытқан тағылымды шаралардың біріне айналды.

Нұрдәулет Қалибеков


Бөлісу