Негізгі Жаңалықтар Құқықтық лагерь ұйымдастырылды

Құқықтық лагерь ұйымдастырылды

Өскеменде жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған құқықтық лагерь ұйымдастырылды. Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінде өткен шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы PVE LABS жобасы шеңберінде жүзеге асты. Қатысушылар құқық бұзушылықтың алдын алу және медиасауаттылықты дамыту бойынша білімдерін жетілдірді.

Лагерьдің мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Шараға мектеп оқушылары мен түрлі сала мамандары қатысты. Олар жасөспірімдерге заң талаптарын түсіндіріп, құқықтық мәселелер бойынша тәжірибелерімен бөлісті. 

Ольга Свириденко, Өскемен қ. Қоғам дамуын ақпараттық колдау жеке қорының директоры: 

Бұл – біз әзірлеген алғашқы пилоттық жоба. Балаларға күрделі тақырыптарды түсінікті жеткізу үшін полиция және прокуратура өкілдерімен бірге жасөспірімдер арасында кездесетін құқық бұзушылықтарға қатысты нақты жағдайларды талдадық. Мысалы, «Жасөспірімнің бір күні» атты ойын барысында баланың үйінен шыққан сәтінен бастап қандай әрекеттері заң бұзушылыққа әкелуі мүмкін екенін қарастырамыз. Құқықтық лагерьге кемінде 220 баланы қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Әр мектептен екі оқушы қатысады. Олар мұнда білім алып қана қоймай, өз мектептерінде бала құқықтары жөніндегі өкіл ретінде жұмыс істейді. 

Бұдан бөлек, бағдарлама аясында оқушыларға интерактивті сабақтар мен практикалық тренингтер ұйымдастырылды.

Мирас Сұлтанбек, Ш. Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің Президенті: 

Бәріміз қызықты ойындар, тимбилдингтер өткізіп жатырмыз. Бұл шараның маңыздылығы – бірлестік, бір-бірімен жұмыс істеу, тіл табысу деп ойлаймын. 

PVE LABS жобасын Қоғамды дамытуға ақпараттық қолдау көрсету қоры Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамымен бірлесіп, PREVECA II бағдарламасы аясында жүзеге асыруда. Бастама жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған.

Айзере Аманқызы, №5 орта мектептің оқушысы:

Бұл шара маған расымен де ұнап жатыр. Құқықтық тәрбие туралы айтып жатыр. Қызықты ойындарымен де таң қалдырып жатыр. Көп нәрсе үйреніп жатырмыз біз мұнда. 

Жоба аясындағы мұндай шаралар алдағы уақытта Глубокое ауданы, Риддер және Алтай қалаларында ұйымдастырылады.

Фатима Тілейханқызы


Бөлісу