Азия пара ойындарының қола жүлдегері Шығысқа оралды
Жапонияда өткен V Азия пара ойындарында ел намысын абыроймен қорғап, жүлдемен оралған паражүзуші Виктор Волковты Өскемен әуежайында жақындары мен спорт қауымдастығының өкілдері қарсы алды.
Жапонияда өткен байрақты бәсекеде Виктор Волков бірнеше қашықтықта бақ сынады. Жас спортшы V Азия пара ойындарында 100 метр қашықтықты еркін жүзу әдісімен 57,23 секундта бағындырып, қола медаль иеленді. Ел намысын абыроймен қорғаған жас спортшының алға қойған мақсаттары да айқын.
Виктор Волков, V Азия пара ойындарының қола жүлдегері:
Азия ойындары жоғары деңгейде өтті. Мен 50, 100 және 400 метр қашықтықтарда еркін жүзуден сынға түстім. Жарысқа дайындық оңай болған жоқ, көп тер төктік. Соның нәтижесін көріп, еңбегіміздің ақталғанына қуандым. Дегенмен, кейбір қашықтықтарда бұдан да жақсы нәтиже көрсетсем деген ойым бар. Алдағы уақытта баттерфляй әдісімен жүзуді де меңгеріп, осы бағытта өзімді сынап көргім келеді.
Виктор Волковтың спорттағы жетістігі ұстаз бен шәкірттің бірлескен еңбегінің жемісі. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған ол алдағы уақытта да шеберлігін шыңдап, жаңа белестерді бағындыруды көздейді.
Оксана Макарова, В. Волковтың жаттықтырушысы:
Бұл топпен жұмыс істеп келе жатқаныма сегіз жыл болды. Қазір он шәкіртім бар. Екеуі Дүниежүзілік кезеңге дайындалып жатыр. Виктор – менің алғашқы түлегім. Ол қыста жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарына қатысса, енді ересектер арасында жүлдегер атанды. Алда әлемдік жарыс, 2028 жылы Олимпиада ойындары күтіп тұр.
Қазақстан құрамасы Азия пара ойындарына 2010 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақытқа дейін Қазақстандық спортшылар 105 медаль жеңіп алған. Оның 20 - алтын, 35 - күміс, 50 – қола медаль.