Шығыста IT мамандарын даярлауға мүмкіндік көп
Облыс тұрғындары бағдарламалау мен жасанды интеллектіні тегін меңгере алады. Өңірде жастардың IT саласындағы білімін жетілдіріп, технологиялық жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін білім беру бастамалары қолға алынған. Олардың қатарында бағдарламалау мектебі мен технологиялық жобаларды қолдауға бағытталған арнайы хаб бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде айтылды.
IT саласына қызығушылық танытқан жастар өз білімін жетілдірумен қатар нақты жобаларын жүзеге асыруға да мүмкіндік алады. Облыс орталығындағы Oskemen Hub IT мамандарын, жастарды және бизнес өкілдерін біріктіріп, технологиялық бастамаларды дамытуға қолдау көрсетеді. Хабтың жұмысы тәжірибе жинақтауға, кәсіби байланыс орнатуға және стартап идеяларды іске асыруға бағытталған.
Дидар Мұратұлы, «Аstana hub» корпоративтік қорының Өскемен қаласы бойынша филиалының директоры:
Біздің негізгі міндетіміз- бір жағынан, IT компаниялардың өзекті мәселелерін шешуге көмектесеміз. Екінші жағынан, IT қауымдастығындағы жастарға болашақта жұмысқа орналасуға және тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береміз. Ең бастысы – олардың идеяларын, ойларын және стартап жобаларын жүзеге асыруына қолдау көрсету. Тек 2026 жылдың өзінде біз 98 ірі әрі маңызды іс-шара өткіздік. Осы іс-шаралардың нәтижесінде Oskemen Hub арқылы бір жарым мыңнан астам студент, оқушы және резидент білімін жетілдіріп, тәжірибесін шынықтыра білді.
Ал бағдарламалау мен жасанды интеллектіні жүйелі түрде меңгергісі келетіндер үшін «Tomorrow School» мектебі жұмыс істейді. Қазақстанда екі жылдан астам уақыттан бері жүзеге асып келе жатқан бұл жобаның Өскемендегі филиалы биыл тамызда ашылды. Мұнда оқуға алдын ала IT білімі бар адамдар ғана емес, осы саланы жаңадан бастап үйренгісі келетін азаматтар да қатыса алады.
Антон Чухрай ,«Tomorrow School» мектебінің Өскемен қаласындағы өңірлік жетекшісі:
Жалпы, «Tomorrow School» мектебі Қазақстанда екі жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Алғашқы филиалы Астана қаласында ашылып, кейін өңірлерде де мектептер ашыла бастады. Өскеменде мектеп биыл тамыз айында ашылып, алғашқы лекке 60-тан астам адам қабылданды. Тұрғындардың бағдарламалау мен жасанды интеллектіні меңгеруге қызығушылығы жоғары. Алғашқы лек қатысушылары қыркүйек айының соңына қарай оқуын толық аяқтады. Артынша екінші лек басталып, оған 70-тен астам адам өтінім берді.
Аймақта IT саласына қызығушылық танытқан тұрғындарға білім алып, тәжірибе жинауға және стартап жобаларын дамытуға мүмкіндік бар. Бағдарламалау мен жасанды интеллектіні меңгеру жаңа кәсіби дағдыларды игеруге жол ашады. Ал технологиялық бастамаларды қолдау жастардың әлеуетін арттырып, өңірдегі IT саласының дамуына серпін береді. Нәтижесінде, тұрғындар цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, жаңа мамандықтарды меңгере алады.
Бекарыс Энгельс