Жастар қауіпсіздігі және діни сауаттылық
Облыс орталығында діни ахуал, ұлттық бірегейлік пен дәстүрлі құндылықтарды сақтау мәселелеріне арналған жиын өтті. TEDx форматында өткен өңірлік конференцияға студенттер, университет оқытушылары, дін өкілдері, полиция қызметкерлері және өзге өңірлерден келген қонақтар қатысты. Басқосу барысында жастарды интернеттегі деструктивті діни ағымдардың ықпалынан қорғау жолдары сөз болды.
Конференцияны ШҚО Дін істер басқармасы «ШҚ облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ ұйымдастырды. Жиында Алматы қаласынан келген дінтанушы Әл-Фараби Болатжан «Интернеттегі діни тәуекелдер: бір әрекеттің салдары қандай болуы мүмкін?» тақырыбында баяндама жасап, ғаламтордағы ақпаратқа жауапкершілікпен қарау мәселесін көтерді.
Әл-Фараби Болатжан, Дінтанушы:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Сондықтан цифрлық технологияларды пайдалана отырып, деструктивті идеологияларға қарсы тұру маңызды.
TEDx форматындағы кездесуде теолог, психолог, заңгерлер мен білім саласының мамандары ойларын ортаға салды. Полиция қызметкерлері интернеттегі әрекеттердің заңнамалық салдарын түсіндірсе, сарапшылар жасөспірімдердің сыни ойлауын дамытып, діни сауаттылығын арттырудың маңызын талқылады.
Марат Алпамысұлы, ШҚО Дін істері басқармасы ДМЗО директорының м.а.:
Бүгінгі акция экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, әсіресе интернет кеңістігінде белсенді жастардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған. Жиынға Алматы қаласынан келген мамандар, жоғары оқу орындарының өкілдері мен теологтар қатысуда. Біздің басты мақсатымыз – жастарға діннің мәнін дұрыс түсіндіріп, оны өзге түсініктерден ажырата білуге үйрету. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстарды студенттер арасында тұрақты жүргізіп келеміз. Қазіргі таңда орталықта үш бөлім жұмыс істейді. Жалпы штат саны – 21 қызметкер.
Мамандардың пікірінше, діни сауаттылық пен ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау - жастардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғы шарттары. Мұндай кездесулер қоғамда дәстүрлі құндылықтарды дәріптеп, діни мәселелер бойынша дұрыс ақпарат таратуға бағытталған.
Кәусар Идаятқызы