«Жас мерген» телетурнирі өтті
Өскеменде мектеп оқушылары арасында садақ атудан «Жас мерген» атты ашық облыстық турнир өтті. Дәстүрлі спорттық сайысты «ALTAI» телеарнасы, «Керемет садақ ату» орталығы, «NURORDA» мектеп-лицейі және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды. Екінші рет өткен жарысқа Шығыс Қазақстанмен қатар Павлодар және Абай облыстарынан келген жас садақшылар қатысып мергендіктерін сынады. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен өткен телетурнирде бұл жолы 80 жуық жас мерген қатысып өзара мықтыны анықтады.
Садақ ату – қазақ халқының тарихымен біте қайнасқан ұлттық өнер. Көшпенділер үшін мергендік жауынгерлік машықтың маңызды бөлігі болса, бүгінде бұл дәстүр жаңғырып, жас ұрпақтың қызығушылығын арттырып келеді. Телетурнирге Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев арнайы келіп, жас спортшыларға ізгі тілегін арнады.
Айдар Садырбаев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Сөзсіз бұл жастарымыздың қырағылығын, ептілігін шыңдайды. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін. Барша жерлестерімізді осындай спорт түрін қолдауға шақырамын.
Жарысқа қатысушылар мен қонақтарға тақырыптық көрмелер де ұсынылды. Қалалық Оралхан Бөлей атындағы кітапхана қызметкерлері оқушыларға дәстүрлі садақтың тарихын таныстырып, оның әр дәуірдегі қолданысы туралы мәлімет берді. Сондай-ақ көрмеде көне қарудың ерекшеліктерін заманауи технологиялардың көмегімен танысуға мүмкіндік жасалған.
Үмітхан Сетерхан, Өскемен қ. Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері:
Бізде көрмемізде садақ жайлы түрлі кітаптарымыз бар. Түрлі авторлардың ежелгі садақтар және олардың қолданылуы, қазақ батырларының садақты қолдануы деген секілді түрлі деректер бар. Қазір жастарды дек кітаппен қызықтыра алмаймыз. Сол үшін арнайы вертуалды көзілдірігімізді алып келдік. Осы вертуалды көзілдірікті киіп көріп садақ атуды үйренуге болады.
Білектің күші мен қырағылық сынға түскен жарысқа 8–10-сынып оқушылары қатысты. Арасында алғаш рет қатысқандар да бар. Әр өңірден жиналған өрендер үшін бұл дода өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, ұлттық өнердегі шеберлігін шыңдап, мергендік машығын жетілдіруге жол ашты.
Дарын Даутов, «Жас мерген» турнирінің қола жүлдегері (Абай облысы):
Садақ ату спортына қызығушылығымды әкем оятты. Алғаш бастаған кезде қолымнан ештеңе келмейтін. Кейін алғашқы жарысыма қатысып, басқа балалардың дайындығын көрген соң, жаттығуға деген ынтам артып, шеберлігімді шыңдай бастадым. Маған жарыстарға қатысқан ұнайды. Себебі жаңа достар тауып, Қазақстанның әртүрлі қалаларына саяхаттауға мүмкіндік аласың.
Жас мергендердің өнерін тамашалауға жиналғандардың қатарында әлем чемпионы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері, облыстық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Ажар Төлеуқанова да бар. Тәжірибелі мерген жас садақшылардың қарымын бағамдады.
Ажар Төлеуханова, Облыстық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті:
«Керемет» садақ ату орталығы және сіздер Алтай телеарнасының қолдауымен және біздің облыс әкімінің қолдауымен өтіп жатқан жарыс. Бұл Шығыс Қазақстан өңірінде садақ атудың дамуына үлкен серпін болады деп сенемін. Қаншама бала қолына садақ алып үйреніп жатыр. Олбыстық турниріміз ертеңгі республикалық чемпиондарды шығарады деген үміттеміз.
Сайыстың қос түрінен де жоғары нәтиже көрсеткен Ерслан Рахметқазы бас жүлдені жеңіп алды. Ол садақ атумен айналысып жүргеніне бір жылдан асқан. Осы уақыт ішінде шеберлігін шыңдап, жарыста үздіктер қатарынан көрінді. Нәтижесінде қалқан нысанасынан 121 ұпай жинап, ал жамбы атудан 16 қатысушының арасынан оза шауып, 100 мың теңге көлеміндегі бас жүлдені қанжығасына байлады.
Ерслан Рахметқазы, «Жас мерген» турнирінің жеңімпазы (Тарбағатай ауданы):
Жарысқа қатысып бірінші орын алдым. Оның барлығы жаттықтырушымның арқасы дайындаған мені осы. Ол Қанафин Ербол. Жарыс керемет деңгейде өтті барлығы ұнады жақсы.
Айта кетейік, «Жас мерген» телетурниры биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Ұлттық мұраны ұлықтаған дүбірлі дода жас ұрпақтың садақ ату өнеріне қызығушылығын арттырып, дәстүрлі спорттың дамуына серпін беріп отыр. Телетурнирдің толық нұсқасын «ALTAI» телеарнасының эфирінен көре аласыздар.