Айтыскер ақын Серік Құсанбаевтың шығармашылық кеші өтті
Өскеменде айтыс өнерінің көрнекті өкілі, халықаралық және республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін бас жүлдегері Серік Құсанбаевтың «Дариға-ай, дәурен!» атты шығармашылық кеші өтті. Өнер иесінің өмір жолы мен шығармашылығына арналған кеште ұлттық өнер ұлықталып, ақындық өнер мен дәстүрлі ән-күй тоғысты.
Кеш барысында ақынның өмірі мен өнер жолына арналған бейнебаян көрсетіліп, әдеби-сазды бағдарлама ұсынылды. Көрермендер ақындар айтысын тамашалап, дәстүрлі ән мен күй тыңдады. Шара барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Серік Құсанбаевқа құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Бұл – ақынның ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлегіне көрсетілген құрметтің белгісі.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Өзіңіз айтыстың ақтаңгері атанып, сөз өнері тарихында өзіндік солақай қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Айтыскер ақын, жыршы, термеші әрі қаламгер журналист ретінде сан қырлы талантыңыз еліміздің мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосты.
Шығармашылық кешке «Алтын домбыра» иегерлері Бекарыс Шойбеков пен Аспанбек Шұғатай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман және басқа да өнерпаздар қатысты.
Елена Әбдіхалықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Секеңнің жолы бір басқа. айтыстың туын аласартпай, жастарға аға болып жүре берсе екен деймін. Мың жасасын. Дүние тұрғанша тұрсын. Серік тамаша өлеңдердің авторы. Өнерпаз жігіт. Мұндай жігіттің елде жүруі үлкен құт деп ойлаймын.
Бағдарлама барысында ақындар айтысы ұйымдастырылды. Суырыпсалма ақындар тапқырлығы мен шешендігін танытып, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Бекарыс Шойбеков, «Алтын домбыра» иегері:
Секең бұрынғы тілмен айтқанда салсері, бүгінгі тілмен айтқанда бесаспап ақын ғой. Ағамызға амандық тілейміз. Зейнет жасы құтты жас болсын. Әлі де орныққан, парасатты ақын ретінде кейінгі інілеріне көп өнеге қалдырады деп ойлаймын. Жасай берсін ағамыз.
Кеш соңында Серік Құсанбаевтың қаламынан туған шығармалар орындалды.
Ал, ақтаңгер ақын кеш соңында өнеріне қолдау білдіріп, арнайы келген кеш қонақтарына алғысын жеткізді.
Серік Құсанбаев, айтыскер ақын:
Ең алдымен, шығармашылығымды қолдап, өнерімді қолдап, осындай шығармашылық кештің өтуіне атсалысып, өнерімді қолдауға келген баршаңызға, әріптестеріме рахмет айтамын.
«Дариға-ай, дәурен!» шығармашылық кеші ұлттық өнерді ұлықтап, қазақ руханиятының құндылықтарын дәріптеген тағылымды шара болды.
Фатима Тілейханқызы