Улы газды анықтайтын құрылғылар орнатылды
Жылыту маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Құтқарушылар пешпен жылытылатын үйлерге көміртегі тотығын анықтайтын датчиктер орнатып, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруде. Жыл басынан бері өңірде осындай 700 құрылғы орнатылған.
Арнайы құрылғы ауадағы қауіпті газды анықтаған жағдайда дыбыстық белгі беріп, тұрғындарға дер кезінде ескерту жасайды. Профилактикалық шараларға волонтерлер мен әкімдік қызметкерлері де атсалысуда. Бүгінге дейін осындай жұмыстар аясында 10 мыңнан астам тұрғын үйге түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Медет Мұқашев, ШҚО ТЖД МӨББ бастығының орынбасары:
Аталған датчиктер жұмысы арқасында 40-тан астам адам құтқарылды. Оның ішінде 32 бала бар. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, пешті дұрыс пайдалану, оны уақытылы тазарту және қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселелеріне баса назар аударылады. Қазір әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың үйлеріндегі қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінуде. Электр желілерін пайдалану және пеш жағу талаптары түсіндіріліп, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, газ датчиктерін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тұрғын үйлерді аралау барысында мамандар электр сымдарының жай-күйін де тексереді. Сонымен қатар, тұрғындарға пешті дұрыс пайдалану, мұржаларды уақтылы тазалау және электр құрылғыларын қауіпсіз қолдану жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы маңызды. Мамандар әсіресе жылыту құралдарын пайдаланғанда мұқият болуға және үйдегі өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Фатима Тілейханқызы