Азия ойындарының қола жүлдегерімен кездесу өтті
Өскеменде ХХ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері, таеквондошы Батырхан Төлеуғалимен кездесу өтті. Спортшы халықаралық додадағы өнері туралы айтып, жарыс барысындағы қызықты сәттерімен бөлісті. Кездесуге спорт саласының өкілдері мен жаттықтырушылар да қатысты.
Жапонияда өткен Азия ойындарында Батырхан Төлеуғали 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жартылай финалда Қытай Тайбэйінің өкілі Хун Цзюнь-иімен кездескен қазақстандық таеквондошы қарсыласына жол беріп, жарысты қола жүлдемен аяқтады.
Асқар Можанов, ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
Батырхан биыл 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысының спортшылары жарыста жоспарға сай, лайықты өнер көрсетті деп есептеймін. Өзіміз де осындай нәтиже күттік.
Батырхан Төлеуғалидің жаттықтырушысының сөзінше, жарыс барысы оңай болмаған. Әсіресе, спортшының жарақаттары дайындыққа кедергі келтірген көрінеді. Соған қарамастан, таеквондошы халықаралық додада жоғары нәтиже көрсетті.
Николай Жарков, ШҚО таеквондодан аға жаттықтырушы:
Жаттығулар ауыр болды. Спортшымыздың аздаған жарақаттары да бар. Меніңше, уақыт өте келе кез келген спортшыда осындай жағдайлар кездеседі. Негізгі қиындықтар жарақаттарға байланысты болды. Жалпы алғанда, дайындық жақсы өтті. Барлығы ойдағыдай болды деп есептеймін.
Батырханның жетістігі оның алғашқы бапкері үшін де зор қуаныш. Шәкіртіне бала кезінен тәлім берген жаттықтырушы спортшының алғашқы қадамдарын еске алып, Азия ойындарындағы жүлдесімен құттықтады.
Еркін Өмірбекұлы, Б. Төлеуғалидің алғашқы жаттықтырушысы:
Өте қуаныштымын шәкіртім осындай нәтиже көрсетіп жатқанына. Болашақта Олимпиада чемпионы болатынына сенемін. Сәттілік. Үлкен жеңістер тілеймін шәкіртіме.
Батырхан Төлеуғали кездесуге жиналған қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, жанкүйерлерге қолтаңбасын берді.
Батырхан Төлеуғали, ХХ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері:
Алдағы уақытта көп босамаймыз, демалмаймыз. Ең үлкен жарыстан Гран-при финал өтейін деп жатыр Қазақстанда. Сол додада еліміздің намысын қорғап, алтын алуға мақсат бар.
Спортшы алдағы халықаралық жарыстарға тыңғылықты дайындалып, биік белестерді бағындыруды көздейді. Басты мақсаты – ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көріну.
Фатима Тілейханқызы