Облыс орталығында Қазақстан кәсіподақтары күні аталып өтті
Қазақстан Кәсіподақтары күні қарсаңында Өскемен қаласында мерекелік іс-шара өтті. Оған кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, салалық кәсіподақ бірлестіктерінің жетекшілері, сондай-ақ өңірдегі ірі кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 14 облыстық салалық кәсіподақ бірлестігі және 810 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Олардың құрамында 79 мыңнан астам адам бар.
Өңірдегі кәсіподақтардың жұмысы әлеуметтік әріптестік қағидаттары негізінде жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2025–2030 жылдарға арналған стратегиясына сәйкес, негізгі міндеттер – еңбек құқықтарын қорғау, лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, сондай-ақ ұжымдық шарттық қатынастарды дамыту. Шығыс Қазақстан облысында бұл мәселелер әкімдік, кәсіподақтар және жұмыс берушілер арасында жасалған үшжақты келісім аясында реттеледі.
Темірбек Қасымжанов, «Шығыс Қазақстан облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:
Республикалық кәсіподақтар ең үлкен кәсіподақтық ұйым болып саналады. Мұнда 2 миллионнан артық біздің кәсіподақ мүшесі бар. Кәсіподақтардың стратегиялық бағдарламасы бар. Бағдарламада қазіргі заманға байланысты Заң мен тәртіп, әділетті Қазақстанды құру осының барлығы стратегиялық бағдарламада көрінген. Сонымен бірге біз әлеуметтік әріптестікті өте жоғары деңгейде көтеріп келеміз. Үшжақты еңбек шарты қол қойылған. Сол шарт бойынша стратегиялық бағдарламаларды облыстағы жұмыс берушілермен бірге жаңағы мемлекеттік органдармен бірге осы облыстық шартымыздың орындалуын күнделікті бақылап отырамыз.
Кәсіподақтар жұмысының негізгі бағыттарының бірі – кәсіпорындар мен ұйымдардағы қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау. Бұл ретте ұжымдық шарттың маңызы зор. Онда жұмыскерлер мен жұмыс беруші арасындағы келісім бойынша көзделген қосымша төлемдер, жеңілдіктер және басқа да кепілдіктер бекітілуі мүмкін.
Түсіпхан Түсіпбеков, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБОФ төрағасы:
Кәсіподақ еңбеккерлердің мүддесі мен құқығын қорғайтын бірден – бір қоғамдық бірлестік. Кәсіподақ қашан да еңбеккерлермен бірге. Бүгінгі күні біздің кәсіподақ федерациясы жалпы біздің салалық кәсіподақ біздер бүгінгі күні заң шығару органдарымен тікелей байланыстамыз. Әсіресе біздер еңбеккерлердің жағындамыз. Солардың мүддесі, солардың жәнегі еңбекке деген ынтасын арттыру үшін еңбек жағдайын жақсартумен тікелей айналысамыз.
Бүгінде өңірдегі кәсіподақ ұйымдары он мыңдаған жұмыскерді біріктіріп отыр. Олардың басты міндеті – лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге ықпал ету, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және қосымша әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізу. 10 қазан кәсіподақтар күніне орай ұйымдастырылған шара мерекелік концертпен қорытындыланды. Еңбегі еленген бірнеше азамат лайықты марапатқа ие болды.
Салтанат Кеңесбекқызы