«Қауіпсіздік үздігі» акциясы
Өңір мектептерінде «Қауіпсіздік үздігі» акциясы басталды. Бұл бастама аясында бірінші сынып оқушыларына арнайы жадынамалар мен жарыққа шағылысатын білезіктер табысталады. Бағдарламада балаларға жолда, қоғамдық көлікте және интернетте қауіпсіз жүріп-тұру ережелері түсінікті әрі қолжетімді түрде түсіндіріледі. Бұл акцияны «Казцинк» компаниясының қолдауымен, облыстық Білім басқармасы мен Полиция департаменті бірлесіп жүзеге асыруда.
Биыл жадынамалар Өскемен, Риддер, Алтай және Серебрянск қалаларындағы 6 мыңға жуық бірінші сынып оқушысына табысталады. Буклеттерде балаларға мектепке барар және қайтар жолда, көшеде және қоғамдық көлікте қауіпсіздікті сақтауға көмектесетін негізгі ережелер қамтылған. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздікке арналған арнайы бөлім бар.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
Биыл да Білім басқармасы және Полиция департаментімен бірлесіп «Қауіпсіздік үздігі» акциясын өткізіп жатырмыз. Акция аясында оқушыларға көшеде, қоғамдық көлікте және әлеуметтік желілерде қауіпсіз жүріп-тұру ережелері жазылған жадынамалар таратамыз.Өскемен, Алтай, Риддер және Серебрянск қалаларындағы 6 мыңға жуық бала осы жадынамаларды алады. Оның ішінде балалар ата-аналарымен бірге толтыратын арнайы бөлім бар. Онда үйден мектепке дейінгі және мектептен үйге қайтатын жолдың бағыты көрсетіліп, балалардың сақтауы тиіс барлық қауіпсіздік талаптары ескеріледі.
Акция аясында бірінші сынып оқушыларына ерекше көңіл бөлінген. Олар үшін мектепке өз бетінше барып-қайту жаңа тәжірибе. Сондықтан, қауіпсіздік ережелері балаларға түсінікті сөздер және мысалдар арқылы түсіндіріледі. Бұл маңызды ақпаратты оңай есте сақтауға көмектеседі.
Айгерім Бейсембаева, ШҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналды полициясының аға инспекторы:
Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін, жолдан өту кезіндегі қауіпсіздікті сақтау талаптарын түсіндірді. Жасалып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Оқу жылы басталғалы бері оқушылармен құқықтық тақырыпта 500-ден астам дәріс өткізілді.
Жадынамада отбасыларға арналған практикалық тапсырма да бар. Бала ата-анасымен бірге мектепке баратын және қайтатын өз бағытын құрып, жаяу жүргіншілер өткелдерін, қиылыстарды және ерекше мұқият болуды қажет ететін басқа да учаскелерді белгілей алады.Мұндай жадынамалар мен жарыққа шағылысатын білезіктерді алғашқылардың бірі болып №30 жалпы білім беретін мектептің оқушылары алды.
Айгүл Санатова, №30 жалпы білім беретін мектебінің директоры:
Бүгін мектепке алғаш барған бірінші сыныптағы балаларға жарыққа шағылысатын білезіктер таратылды. Жадынамалар да берілді. Балалар көптеген маңызды ақпаратпен танысып, құқық қорғау органдары мен «Казцинк» қызметкерлері қойған сұрақтарға жауап берді. Білезікті қалай дұрыс пайдалану керек? Жолдан қалай қауіпсіз өту қажет? Осы мәселелер бойынша балаларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бала жолдағы қауіпсіздік ережелерін неғұрлым ерте меңгеріп, оны іс жүзінде қолдануды үйренсе, түрлі жағдайларда соғұрлым сенімді әрекет ете алады.
Бекарыс Әмірбек