«Морфий» қойылымының премьерасы өтті
Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрында Михаил Булгаковтың «Морфий» шығармасының желісі бойынша қойылған спектакльдің премьерасы өтті. Сахнада театр ұжымы психологиялық драманы көрермен назарына ұсынып, музыка, би және пластикалық этюдтер арқылы тәуелділіктің адамды рухани азғындыққа, терең күйзеліске және шарасыздыққа әкелетінін әсерлі жеткізді.
Оқиға желісінің ортасында есірткіге тәуелділіктің құрсауына түскен жас дәрігердің тағдыры суреттеледі. Оқиға желісі бойынша оның өмірінде нашақорлық, маскүнемдік пен темекі шегудің жын-перілері бой көрсетеді. Олар кейіпкерді біртіндеп азғырып, өз өмірін күйретуге итермелейтін теріс әдеттердің бейнесі ретінде көрініс табады.
Вера Трофимова, әртіс:
Есірткіге тәуелділік, маскүнемдік және темекіге тәуелділік жын-перісі болды. Бізді осы үш кейіпкердің бір адамның бойында қалай өзара әрекеттесетіні қызықтырды. Яғни, есірткіге тәуелді адамда ішімдік ішуге немесе темекі шегуге деген құмарлық қалай қатар көрініс табатынын түсінгіміз келді. Бізге арнайы келіп, нашақорлықтың қыр-сырын өз тәжірибесі арқылы түсіндірген адам болды. Ол бізге тәуелділіктің ерекшеліктерін жан-жақты түсінуге көмектесті.
Бас кейіпкердің сүйіктісі медбике-фельдшер Анна Кирилловна оларға қарсы тұруға тырысады. Дәрігерді тәуелділіктің құрсауынан құтқарып, дұрыс жолға салуға бар күшін салады. Алайда ақырында өзі де қатыгез жын-перілердің құрбанына айналады.
Никита Дерябин, қоюшы режиссер:
Бұл – адамның рухани құлдырауы туралы, өмірде бір ғана қате қадам жасаудың соңы неге әкелуі мүмкін екені жайындағы оқиға. Спектакль арқылы біз осыны жеткізгіміз келді. Дайындық барысында жан-жақты кәсіби кеңес алдық. Бізге наркологиялық диспансердің дәрігер-наркологы көмектесті. Сонымен қатар нашақорлыққа тәуелділікті бастан өткерген адаммен кездесу ұйымдастырылды. Оның әңгімесі арқылы мұндай адамдардың жан дүниесінде не болып жатқанын, сана-сезімі қалай өзгеретінін, есірткіден бас тартқан кезде қандай ауыр күйді бастан кешіретінін тереңірек түсінуге мүмкіндік алдық. Яғни, қойылымға кіріспес бұрын, тақырыпты жан-жақты зерделеп, мол ақпарат жинақтадық.
Қойылымда музыка мен бидің орны ерекше. Олар адамның жан азабын, күйзелісі мен шарасыздығын ғана емес, сонымен қатар тәуелділіктің құрсауында ұстап тұратын алдамшы эйфорияны да көрерменге әсерлі жеткізуге мүмкіндік береді.
Никита Дерябин, қоюшы режиссер:
Музыканы бұл оқиғаны тым күңгірт әрі үрейлі етіп көрсетпеу үшін пайдаландық. Сонымен қатар әндердің мазмұны арқылы қойылымның негізгі тақырыбы мен идеясын ашуға тырыстық. Ал би қойылымдары осы ойды одан әрі айқындап, оқиғаның мазмұнын толықтырды деп ойлаймын.
Сахнадағы көріністер арқылы режиссер кейіпкерлердің ойланбай жасаған бір қадамының салдары қандай болатындығын жақсы жеткізе білді. Сондықтан бір ғана қате шешімнің өтеуі тым ауыр болатынын еске салатын қойылым көрермендерге ой салғаны анық.
Салтанат Кеңесбекқызы