Негізгі Жаңалықтар Су есебі цифрлық жүйеге көшеді

Су есебі цифрлық жүйеге көшеді

Су – стратегиялық маңызы бар ресурс. Оны үнемдеу және құбырлардағы шығынды азайту – маңызды міндет. Президент Жолдауында су тұтынуды бақылауды күшейтіп, есепке алудың цифрлық жүйесін енгізуді тапсырған болатын. Осы бағытта Өскеменде энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау жүйесі автоматтандырылып жатыр. Жоба көпқабатты үйлерге заманауи су есептегіш құралдарын орнатуды көздейді.

Жоба мемлекет ұсынған жеңілдетілген несие есебінен жүзеге асырылуда. Қарызды өтеу мерзімі – он жыл. Есептегіш құралдарды орнату үшін тұрғындардан қосымша ақы алынбайды. Жоба аясында су желілері мен тұтыну көлемі туралы мәліметтер бірыңғай электронды базаға енгізіліп, жүйе автоматты түрде бақыланады. Сондай-ақ көпқабатты үйлерге көрсеткіштерді қашықтан жеткізетін ортақ есептегіштер орнатылады. Бұл су шығынын дер кезінде анықтап, нақты тұтыну көлемін бақылауға мүмкіндік береді.

Наталья Лукерина, «Өскемен Водоканал» МКК инвестициялық жобалар бөлімінің жетекшісі:

Жоба аясында ортақ пайдаланылатын су көлемін есептейтін, көрсеткіштерді қашықтан жеткізетін құралдар да орнатылады. Бұл көпқабатты үйлердегі судың тұтынылуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта осындай 400-ден астам есептегіш орнатылды. Жұмыс жалғасып жатыр. Жалпы 1344 есептегіш құрал орнату жоспарланған. Жұмыстарды 2027 жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқтау көзделген. Жеке есептегіш құралдары орнатылған тұрғындардың көрсеткіштері де ескеріледі. Ал жеке есептегіші жоқ тұрғындар су тұтыну ережелеріне сәйкес есептелген айырма үшін ақы төлейді. Жалпы, бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – шығынды азайту, судың ысырап болуына жол бермеу және су қорын үнемдеу. Әрбір тұтынушы өз шығынын бақылауы қажет.

Есептегіш құралдарды орнату жұмысын мердігер мекемеге тапсырылған. Жабдықтар Өскемендегі арнайы цехта құрастырылады. Мұнда күніне 20-25 жинақ дайындалып, кейін тұрғын үйлерге жеткізіледі. Мамандар бір жұмыс күнінде орта есеппен 10-12 торап орнатады. 

Азамат Смағұлов, учаске шебері:

Орнату жұмыстары орта есеппен екі сағатқа созылады. Барлығы үйдің жұмысқа қаншалықты дайын екеніне байланысты. Мысалы, дәл қазір өзіміз тұрған жертөледегідей, ысырмалар дұрыс жабылып, құбырлардағы су тоқтатылса, жабдықты бір сағаттың ішінде орнатуға болады. Ал кейбір үйлердің жағдайы өте нашар. Онда су құбырларын да, тік желілерді де толық жабу мүмкін емес. Мұндайда судың ағып бітуін күтіп, оны тоқтататын жауапты адамдарды іздеуге тура келеді. Бұл жұмыс қарқынын баяулатады. Бұған қоса, кейбір тұрғындар мұндай жұмыстардың жүргізіліп жатқанынан хабарсыз. Бірі мамандарды кедергісіз кіргізіп, қажетті жағдай жасаса, енді бірі есептегіш орнатуға келіспейді.

Жаңғырту жұмыстары бекітілген кестеге сай жалғасуда. Жоба аяқталған соң су тұтыну көлемі қашықтан бақыланып, төлем нақты есептегіш көрсеткіштері бойынша есептеледі. Бұл суды үнемдеп, шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Нұртас Қайролдаев


Бөлісу