Негізгі Жаңалықтар Цифрландыру мәселелері талқыланды

Цифрландыру мәселелері талқыланды

Келер жылы коммуналдық қызметтер туралы мәліметтерді бір жүйеге жинақтайтын цифрлық платформа іске қосылады. Ол тұтынушыларға әр қызмет бойынша түсінікті есеп ұсынуға, ақауларды ертерек анықтауға және ресурстарды үнемдеуге көмектеседі. Алғашқы цифрлық бастамаларды 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосу көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар мен алдағы жоспарлар облыс әкімдігінде өткен жиында талқыланды. Кездесуде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Дархан Мырзабаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу арқылы атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, алдағы міндеттерге тоқталды.

Цифрландыру құрылыс саласын да қамтиды. Қазірдің өзінде 864 жоба жасанды интеллект арқылы тексерілген. Бір жобаны бағамдауға орта есеппен алты минут жұмсалады. Бұл құжаттарды қарау уақытын қысқартып, жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да бірқатар өзгеріс жоспарланған. Мәселен, елде су, жылу және электр энергиясын есептейтін 10 миллион 900 мың құрылғы орнатылған. Оның 8 миллионын арнайы жүйеге көшіру көзделіп отыр. Бұл тұрғындарға коммуналдық қызметтерді тұтыну көлемін нақты бақылауға және есеп айырысу үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді. 

Дархан Мырзабаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі: 

Қазіргі таңда «WaterTech» жүйесі әзірленіп жатыр. Ол су ресурстарының шығынын бақылауға, апаттық жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жиында «Smart Turmys» жобасы таныстырылды. Бұл – абоненттер, ресурстарды тұтыну көлемі, берешек пен төлемдер туралы нақты әрі сенімді деректерді біріктіретін бірыңғай жүйе. Бұл бағдарлама арқылы тұрғындар өз ресурстарын тұтыну көлемін бақылап, жасанды интеллект ұсынатын кеңестер арқылы тұтынуды азайту жолдарын қарастыра алады. 

Жасанды интеллект өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысында да қолданылып келеді. Мәселен, металлургия саласында кенді байыту үдерісін цифрлық модельдеу арқылы мыс алу көрсеткіші 2 пайызға, ал кәсіпорын өнімділігі 7 пайызға артқан. Автомобиль өндірісінде де роботтандырылған жүйелер мен жасанды интеллект өнім сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Жиында геология саласын цифрландыруға ерекше назар аударылды. Қазір жер қойнауын пайдаланушыларға арналған 22 мемлекеттік қызмет бірыңғай цифрлық платформа арқылы көрсетіледі. Геологиялық деректердің толық көлемі электрондық форматта қолжетімді. Ал 2026 жылы осы платформа арқылы 1172 лицензия берілген. Ендігі міндет – жасанды интеллектіні геологиялық барлау жұмыстарына енгізіп, жаңа кен орындарын анықтау.

Дархан Мырзабаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған басым бағыттар бойынша түсіндірмелер берілді. Атап айтқанда, құрылыс саласы мен жер қойнауын пайдалану мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, өңір тұрғындары цифрлық модельдерді енгізу мәселесін көтерді. Тұрғындар көтерген барлық мәселелер хаттамаға енгізіледі. Сонымен қатар, жақын арада қосымша жауап беріліп, айтылған ұсыныстар мен тапсырмалардың орындалуы қамтамасыз етіледі.  

Жиында ұсынылған бастамалар геологиялық барлау жұмыстарын жетілдіруге, өндіріс тиімділігін арттыруға, құрылыс сапасын жақсартуға және коммуналдық қызметтерді цифрландыруға бағытталған. Жаңа технологияларды кезең-кезеңімен енгізу мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Фатима Тілейханқызы


Бөлісу