Негізгі Жаңалықтар Еңбекке жол ашқан жоба

Еңбекке жол ашқан жоба

Жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту бағытында көші-қон саласы бойынша да нақты жұмыстар атқарылуда. Олардың басым бөлігі жеке шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандарына орналастырылады. Қажет болған жағдайда азаматтар арнайы оқыту курстарынан өтіп, жаңа мамандықтарды меңгереді.

Бұл бастама облысқа қарасты Күршім ауданында да жақсы жолға қойылған. Ал жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан үш жыл бойы қаржылай қолдау көрсетіледі. Нақтырақ айтсақ, алғашқы жылы қызметкер жалақысының 70 пайызын, екінші жылы 65 пайызын, үшінші жылы 60 пайызын мемлекет субсидиялайды. Биылдың өзінде жиырмаға жуық жеке кәсіпкер осы мүмкіндікті пайдаланған.

Әсет Зейнелғабденов, Күршім ауданы мәнсап орталығының директоры:

Биылғы жылы 19 адам жұмыспен қамтылды. Соны ішінде бүгінгі жаңағы екі жеке кәсіпкерлікке екі адамды жібергенбіз, біреуі сатушы мамандығына екіншісі тігінші мамандығына. Ол кісілер жаңағы сол жеке кәсіпкерілкте мемлекет тарапынан 3 жыл жалақы төленіп субсидияланып барлығы жүрген яғни бүгінгі күні жеке кәсіпкерлікке тұрақты жұмысқа орналасты.  

Жоба зейнеталды жастағы азаматтарды жұмыспен қамтып, олардың жұмыс тәжірибесін одан әрі кәдеге жаратуға мүмкіндік береді. Осылайша, жасы үлкен азаматтарға да еңбек нарығында сұранысқа ие болуға жағдай жасалып отыр.

Мәрияш Сыдықова, сатушы:

Күміс жас жобасында менің негізгі қызметім сатушы қылып алды. Арасында өзімізде андай мындай тапсырыстар бойынша жасау керек нәрселерді жасаймыз.  

Аталған бағдарламаның мүмкіндігін тиімді пайдаланып, отырған кәсіпкерлердің бірі Айнаш ханым. Ол осыдан екі жыл бұрын жоба туралы естіп, мемлекеттік қолдау аясында жұмысшы қабылдамаққа бекінген. Нәтижесінде бүгінде бір емес, екі бірдей зейнеткерді жұмыспен қамтып отыр. Осылайша, бағдарлама кәсіпкерге де жұмыс іздеген тұрғындарға да тиімді мүмкіндік сыйлаған. 

Айнаш Дүсіпова, кәсіпкер:

2024 тен бастап міне күміс жас жобас арқылы адамдарды алуға болатыны осындай үлкен кісілерге мүмкіндік беруге болатынын білгеннен кейін, мен бірінші бір адамды алдым 2024 жылы. Мемлекетке өте көп рақмет осындайды ұсынып отырғандарына біз сияқты кәсіпкерлерге мүмкіндік беріп отырғандарына. Содан 25 жылы екінші жұмыскерімді алдым. Құдайға шүкір екі жұмыскерімде жақсы үйреніп кетті. 

Осылайша, мемлекеттік бағдарламалар жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, кәсіпкерліктің дамуына да серпін беріп отыр. Ең бастысы, еңбек етуге ниетті азаматтарға жаңа мүмкіндік ашылып, өңірдегі жұмыспен қамту ісіне тың серпін қосылуда.

Нұрдәулет Қалибеков


Бөлісу