Негізгі Жаңалықтар 485 мың тоннадан астам майлы дақыл жиналды

485 мың тоннадан астам майлы дақыл жиналды

Өңірде егін жинау науқаны бітуге таяды. Диқандар 485 мың тоннадан астам майлы дақыл жинаған. Оның басым бөлігін күнбағыс құрайды. Ал дәнді және бұршақ дақылдарының жалпы түсімі 428 мың тоннадан асты. Ауыл шаруашылығы маусымының алдын ала қорытындылары Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жарияланды.

Президент өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық беріп, шаруаларды ұзақ мерзімді қаржыландыру мен ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін дамыту, тамақ өнеркәсібіндегі перспективалы жобаларды жүзеге асыру және саланы цифрландыру міндеттерін белгіледі. Соған сәйкес бұл жоба облыстада қарқынды қолға алынған. Соның аясында биыл егіс алқаптарының көлемі 611 мың гектардан асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға көп. Алайда вегетация кезеңіндегі аптап ыстық пен жауын-шашынның аздығы өнімділікке әсер етті. Соның салдарынан дәнді дақылдардың орташа түсімі гектарына 17,4 центнерді құрады. Ал майлы дақылдар бойынша көрсеткіш 19,3 центнерге жетті. 

Жаннат Көшерова, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Ағымдағы жылғы өнімділікті арттырып, топырақ құнарлылығын жақсарту мақсатында жасалған келісімшарттарға сәйкес, 69 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Сонымен қатар егін жинау науқанын уақытылы әрі сапалы жүргізу үшін биыл облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне Павлодар мұнай-химия зауытынан 19 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Жиналған астықты кептіру мен сақтауға да ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта өңірде қосымша ресурстар мен қажетті сақтау орындары қарастырылды.

Жаннат Көшерова, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Биылғы астықты кептіру жұмыстарына қосымша 5,3 мың тонна дизель отыны бөлінді. Жиналған өнімді уақытылы қабылдау, орналастыру және сақтауды қамтамасыз ету үшін облыста қажетті инфрақұрылым бар. Өңдеу кәсіпорындарының қуаттарын қоса есептегенде, астық сақтау нысандарының жалпы сыйымдылығы 829 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 7 лицензияланған элеватордың сақтау қуаты – 253,5 мың тонна.

Мемлекет тарапынан аграрлық саланы қолдау шаралары да жалғасуда. Биыл «Кең дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына 22,2 миллиард теңге бағытталды. Ал «ҚазАгроҚаржы» арқылы шаруалар жалпы құны 17,7 миллиард теңге болатын 503 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын лизингке алған. Бұдан бөлек, өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 3,4 миллиард теңге бөлінді. Қаржы тұқым шаруашылығын қолдауға, тыңайтқыштар мен пестицидтердің құнын арзандатуға және суармалы суды жеткізу шығындарын өтеуге жұмсалды.


Бекарыс Әмірбек


Бөлісу