Үздік цифрлық жобалар марапатталды
Oskemen Hub алаңында жас IT мамандарының цифрлық жобалары таныстырылды. Іс-шара Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырылды. Жас мамандар өздерінің IT-жобалары мен заманауи цифрлық шешімдерін көпшілік назарына ұсынып, тың идеяларымен бөлісті.
Ұсынылған жобалардың қатарында мектептердегі интернет байланысының сапасын бақылайтын жүйе, интерактивті сабақтар құруға арналған платформа, инсульт алған науқастарды оңалтуға көмектесетін сервис және жылжымайтын мүлік туралы хабарландыруларды талдайтын жүйе бар. Төрт команданың барлығы бұған дейін өңірлік хакатондар мен инновациялық идеялар байқауында жеңімпаз атанған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, болашағы зор жобаларды іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады.
Дидар Мұратұлы, «Oskemen Hub» жетекшісі:
Бүгінгі таңдағы керемттей жобалардың барлығы жыл көлемінде орын алған ең мықты жобаларымызды бүгін қорғап отырмыз. Өскемен хабтың басты миссиясы ШҚО толыққанды ІТ мамандарын дайындау, және ең мықты жастарды іріктеп алып, ШҚО-ның белді, мықты мамандарын даярлап шығу.
Басты міндет – жастардың цифрлық жобаларын таныстырылым аясында ғана қалдырмай, нақты өмірде қолдануға жол ашу. Өйткені олардың әзірлемелері білім беру, әлеуметтік сала, мемлекеттік басқару мен бизнес бағыттарында тиімді шешім бола алады. Сол себепті жас мамандардың бастамаларын қолдап қана қоймай, оларды тәжірибеге енгізуге мүмкіндік жасау маңызды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Бүгінгі өздерінің презентацияларын жасаған жастарымызға рахмет айта отырып, осы идеялардың тек қағаз жүзінде қалмай,практикалық жақсы жобаларға айналып, еліміздің, тұрғындардың, облысымыздың өміріне үлкен жақсы серпін берсін деп айтамын.
Ұсынылған жобалардың бірі – инсульт алған науқастарды оңалтуға арналған ZeroMuscles командасының цифрлық өнімі.
Инсар Мастикбаев, « ZeroMuscles» командасының мүшесі:
Біз инсульт алған науқастардың қимыл-қозғалысын, сөйлеу және танымдық қабілеттерін қалпына келтіруге арналған бағдарламалық жасақтама мен мобильді қосымша әзірледік. Инсульт – денсаулық сақтау саласындағы күрделі мәселелердің бірі. Сондықтан науқастардың сөйлеу және қозғалу қабілеттерін үй жағдайында қалпына келтіруге көмектесетін цифрлық өнім жасауды қолға алдық. Бағдарлама арқылы науқастар арнайы жаттығулар орындайды. Ал біздің өнім олардың қимыл-қозғалысы мен сөйлеуін талдап, кері байланыс береді. Сондай-ақ оңалту барысын, яғни нәтижелер мен өзгерістер динамикасын бақылауға мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында облыс әкімі жеңімпаз командаларға ақшалай сертификаттар табыстады. Сонымен қатар өңірде цифрландыру саласының дамуына елеулі үлес қосқан мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері де марапатталды.
Бекарыс Әмірбек