Жылыту маусымындағы қауіпсіздік күшейтілді
Облыста жылыту маусымына дайындықпен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Мамандар жеке тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруде. Әсіресе пешпен жылытылатын баспаналар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға ерекше көңіл бөлінген. Ал өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін бірқатар жүйелі шара қолға алынған. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Жылыту маусымы – тұрғындар үшін тұрмыстық қауіпсіздікке ерекше мән беретін кезең. Мұржалардың жарамдылығын тексеру және үйдегі өрт қауіпсіздігі талаптарын орындау маңызды. Биыл жылыту маусымы басталғалы облыстың тұрғын үй секторында 65 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға көп. Өрттің 28-і жеке тұрғын үйлерде, 37-сі аулалар мен шаруашылық құрылыстарында болған.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Бүгінгі күні профилактикалық іс-шаралармен 27 мыңнан астам адам, тұрғын үй және аула қамтылып, 70 мың тұрғынмен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылыту маусымында халықтық әлеуметтік осал топтарындағы азаматтар тұратын пешпен жылытылатын 2758 тұрғын үй есепке алынды. Аталған үйлердің барлығы улы газды анықтайтын датчикпен жабдықталған. Соңғы бес жылда осындай 17 мыңнан астам датчик орнатылды. Олардың уақытылы іске қосылуының арқасында 42 адамның өмірін сақтап қала алдық.
Өрт қауіпсіздігі шараларының тағы бір маңызды бағыты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға практикалық көмек көрсету. Атап айтқанда, жалғызбасты қарттар мен көпбалалы отбасылардың үйлеріндегі мұржалар тазартылып, пеш жабдықтары жөнделеді. Бұл жұмыстар әсіресе пешпен жылытылатын баспаналардағы қауіп-қатерді азайтуға бағытталған.
Соңғы үш жылда жалпы құны 9 миллиард теңге болатын 114 арнайы техника сатып алынған. Қазір Алтай ауданында әмбебап өрт сөндіру депосының құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, Өскемен әуежайында авиациялық техникаға арналған ангар салынуда. Бұл нысандар төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға арналған.
Бекарыс Энгельс