Негізгі Жаңалықтар Ат спорты дамып келеді

Ат спорты дамып келеді

Иппотерапия – атқа міну арқылы жүзеге асатын оңалту әдісі. Бұл балалардың қимыл-қозғалысын дамытуға және физикалық мүмкіндіктерін жақсартуға бағытталған. Қазақстанда осы бағытты дамытуға көңіл бөлініп келеді. Шығыс Қазақстан облысында да осы салада ұзақ жылдардан бері еңбек етіп жүрген мамандар бар. Солардың бірі – Екатерина Метай. Ол өңірдегі ат спортының дамуына үлес қосып келеді.

Екатерина Метай иппотерапия саласында 2009 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол кезде өңірде оңалту сабақтары енді дами бастаған болатын. Уақыт өте келе бұл бағыттың мүмкіндіктері кеңейіп, ерекше қажеттіліктері бар балаларды бейімделген ат спортына баулу қолға алынды. Бүгінде олар жүйелі түрде жаттығып, түрлі жарыстарға қатысып, спорттық нәтижелер көрсетіп жүр.

Екатерина Метай, «Ақ Тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің директоры:

Иппотерапия нұсқаушысы мамандығында маған ең ұнайтыны – әр баланың дамуына көмектесу. Баламен бірге жұмыс істеп, оның кішкентай жетістіктерінің өзіне қуанасың. Қозғалысын біртіндеп дамытып, қадам жасауына мүмкіндік жасаймыз. Аналармен сөйлесіп, байланыс орнатамыз. Спортшыларымыздың жеңісіне де қуанамын. Паралимпиадаға қатысатын балалар үшін әрбір жеңістің маңызы зор.

Мамандардың жұмыс нәтижесін балалардың жетістіктері мен ата-аналардың пікірі арқылы бағалауға болады. Иппотерапияға бірнеше жылдан бері қатысып жүрген балалардың ата-аналары жаттықтырушының кәсіби біліктілігін жоғары бағалайды.

Ирина Ляховская, қала тұрғыны:

Екатерина – өз ісінің нағыз маманы. Ол жұмысына бар ынтасымен берілген. Балалар манежге кірген сәттен бастап жаттығуға құлшына кіріседі. Балалар Екатеринаны жақсы көреді әрі құрметтейді. Мен оны педагог әрі жаттықтырушы ретінде қатты бағалаймын. Адам өз ісін сүйіп істесе, жұмысы да нәтижелі болады. Иппотерапия мен ат спортының дамуына осындай мамандардың еңбегі ықпал етеді.

Иппотерапия мен бейімделген ат спорты балалардың физикалық мүмкіндіктерін дамытуға, өзіне деген сенімін арттыруға бағытталған. Бұл жұмыста жүйелі жаттығу мен мамандардың кәсіби көмегі маңызды. 


Бөлісу