Негізгі Жаңалықтар Қазақ күресінен облыстық жарыс өтті

Қазақ күресінен облыстық жарыс өтті

Облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Тарбағатай ауданының күндеріне орай қазақ күресінен облыстық турнир өтті. Ұлттық спортты ұлықтап, төл күрестің мәртебесін көтеруді мақсат еткен жарысқа өңірдің әр ауданынан жас балуандар жиналды.

Боз кілемдегі бәсекеге 2009–2010 және 2011–2012 жылдары туған 80-ге жуық жасөспірім қатысты. Олар бірнеше салмақ дәрежесі бойынша белдесіп, өзара мықтыны анықтады. Әр белдесуде спортшылардың күш-қуаты, ептілігі мен күрес әдістерін меңгеру деңгейі сынға түсті. Жас балуандар қарсыластарына дес бермей, жеңіс үшін барын салды.

Ержан Кәрібаев, Тарбағатай аудандық мәдениет тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімінің басшысы:

Ауданымыз өткізіп жатқан турнирге облыстың түкпір-түкпірінен келіп жатқан айта кетсек жеті команда қатысуда кәзі, 80ге жуық бала. Енді бұл жарыс өте береді деген үміттеміз ойдамыз. Осы жарысты тиянақты жақсы өткізуге тырысамыз, келесі жылыда жаоғасын табады деген үміттеміз. 

Қазақ күресі халқымыздың тарихымен біте қайнасқан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық мұра. Сондықтан мұндай жарыстардың жасөспірімдер үшін маңызы зор. Бір жағынан, жас спортшылар тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдаса, екінші жағынан, ұлттық өнердің қыр-сырын тереңірек меңгереді. Сонымен қатар, облыстық деңгейдегі бәсеке ауыл-аймақтардағы талантты балуандардың танылуына мүмкіндік береді дейді төрешілер. 

Біржан Дүтбаев, бас төреші: 

Болайын деген баланың бетінен қақапа белін бу дейді, мынау жас жеткіншектер өзіміздің қазақ күресімізді ұлттық күресімізді өнерімізді дәріптеп ары қарай үлкен шыңдардан көрінуіне сеніміміз мол. Алғыс айтамыз барлық басқарма басшыларына. Өзіміз енді Тарбағатай ауданы бойынша 20 баламен келдік.

Турнир қорытындысы бойынша өз салмақ дәрежелерінде үздік нәтиже көрсеткен балуандар жеңіс тұғырынан көрінді. Жүлдегерлер арнайы медальдармен, мақтау қағаздарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Бекжан Базарбеков, жарыс жеңімпазы:

Осы жарысқа бір айдай даындалдық. Бүгін төрт баламен күрестік төртеуіде оңай қарсылас болған жоқ, былтырда осыжерде ШҚО ның отблорында бір алған болатынмын. 

«Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл жарыс Тарбағатай ауданының спорттық әлеуетін танытып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де үлес қосты. Дүбірлі дода жас балуандарға жігер беріп, қазақ күресінің өңірдегі дамуына тың серпін сыйлады.

Нұрдәулет Қалибеков



Бөлісу