Негізгі Жаңалықтар Елдегі ең биік көпір ашылды

Елдегі ең биік көпір ашылды

Шығыста бүгін бірнеше стратегиялық нысан пайдалануға берілді. Алтай, Катонқарғай,Үлкен-Нарын аудандары бағытындағы Тереңсай шатқалының екі жағын қосатын көпір ашылды. Бұл Қазақстанда таулы жерге салынған ең биік көпір. Бүгін нысанның ашылу салтанатына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Шығыс Қазақстанда көптеген жаңа жобалар жүзеге асты. Шығыс Қазақстан ол мемлекет басшысының ерекше назарындағы өңір. Сондықтан алда да жаңа жобалар жүзеге асады деп сендіремін.

Жаңа жолдың пайдалануға берілуі Бұқтырма су қоймасына, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне және «Рахман қайнарлары» шипажайына баратын жолды да қолайлы ете түседі. Бұл өңірдің табиғаты көркем жерлеріне келетін туристер санын арттыруға да ықпал етуі мүмкін.

Әлібек Қаңтарбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Биіктігі 47 метр тау арасында салынған тұңғышы. Ертең бұл туризм аймағы болатын болса Тереңсай асуынжағы жол нағыз керек дүние.

Көпірдің инженерлік құрылымы сегіз тірек бағанадан тұрады. Нысанды шығыстың өз құрылысшылары салды. Жобаның жалпы құны 20,9 миллиард теңгені құрайды. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

28 шақырымдық жол 6 шақырымға қысқарып жатыр. Ең бастысы қауіпсіздік шаралары сақталатын жол ел игілігіне беріліп отыр. Шығысқазақстандықтар атынан Мемлекет басшысына ерекше алғысымызды жеткіземіз.

Енді бұл бағытпен қатынайтын жүргізушілер үшін жол қауіпсіз әрі қолайлы бола түспек.

Бекарыс Секен

Бөлісу