Негізгі Жаңалықтар Жаңа міндеттер мен даму болашағы

Жаңа міндеттер мен даму болашағы

Қолжетімді қаржыландыру, техниканы жаңғырту және мал шаруашылығын дамыту – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені алдында тұрған негізгі міндеттер. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында саланы ұзақ мерзімді инвестициялармен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және шаруалар үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру - Президент Жолдауында басымдық берілген бағыттардың бірі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, былтыр саладағы өсім шамамен 6 пайызды құрап, агроөнеркәсіптік кешенде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жеткен. Мемлекет басшысы шаруалардың өз кәсібін жоспарлы түрде дамытуына және жаңа жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік беру үшін қысқа мерзімді қарыздардан ұзақ мерзімді қаржыландыруға көшу қажеттігін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Ауыл шаруашылығын одан әрі қарқынды дамыту. Былтыр бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті. Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Дегенмен бөлінген қаржының бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналым қаражатын толықтыруға жұмсалып отыр. Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін ауқымды қаржыландыру жүйесі қажет. Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тетіктерді енгізуі керек. Бұдан бөлек, өнеркәсіп саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуеті жоғары жобалар тізімі дайындалды. Олардың табысты жүзеге асуы үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру мәселесін созбалаңға салмай, сапалы жобаларды дереу жүзеге асыру керек. 

Облыс үшін де мемлекеттік қолдау мен несиеге қолжетімділік мәселесі аса маңызды. Жыл басынан бері өңірде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 350 миллиард теңгеден асты.

Жаннат Көшерова, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің артуына мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етіп отыр. Президент өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға 1,5 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін атап өтті. Ал биыл Шығыс Қазақстан облысында субсидиялау бағдарламалары аясында 26 миллиард 500 миллион теңге қарастырылған.Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы аясында қолдауға ұсынатын бірқатар жоба бар.Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бағытындағы жұмыстар жалғасады. Алдағы уақытта агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына серпін беретін негізгі бағыттардың бірі – сүтті және етті мал шаруашылығын дамыту.

Президент айқындаған өзге де міндеттердің қатарында ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізу, су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту және өнімді терең өңдеуді дамыту бар. Мемлекет басшысы мал шаруашылығына және жаңа өндіріс орындарын ашуға да ерекше назар аударды. Бұл бағыттарды іске асыру агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттырып, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді.






Бөлісу