Өскеменде 150 адам екпеден бас тартты
Жыл басынан бері облыста вакцинациядан бас тартудың 188 жағдайы тіркелген. Оның басым бөлігі, яғни 150 жағдай Өскемен қаласына тиесілі. Осыған байланысты тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, вакцинацияның маңыздылығы мен жұқпалы аурулардың алдын алудағы рөлі туралы ақпараттандыру маңызды.
Өскеменде профилактикалық екпелерден бас тарту мәселесі өзекті болып отыр. Мамандардың айтуынша, вакцинациядан бас тарту, әсіресе балалар арасында, жұқпалы аурулардың таралу қаупін арттырады. Ал иммундау қауіпті инфекциялардан қорғануға және аурудың өршуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.
Сәуле Слямғазина, ШҚО СЭБД басшысының орынбасары:
Профилактикалық екпелерден бас тарту себептері тұрақты түрде есепке алынып, талдау жүргізіледі. 2026 жылдың басынан бері 188 ата-ана екпелерден бас тартты. Оның ішінде 94,7%-ы яғни 178 жағдай жеке көзқарастарға байланысты. 3,7%-ы вакцинацияға сенімсіздік білдірген. Бұл бас тартулардың ең үлкен үлесі Өскемен қаласында 79,8%. 150 ата-ана екпеден бас тартты.
Жаңа туған нәрестелерге вакцина салу мәселесі жас ата-аналар арасында жиі талқыланады. Интернеттегі ақпараттың көптігі, соның ішінде жалған мәліметтер, ата-аналарды алаңдатып, екпе салдыру туралы шешіміне әсер етеді. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, ата-аналар жиі бас тартатын вакциналардың бірі — туберкулезге қарсы БЦЖ екпесі.
Гүлжанат Тақанова, ЦМИР БМСК бөлімінің меңгерушісі:
Негізінен, БЦЖ вакцинасынан бас тартатындар көп. Әлеуметтік желі беттерінде вакцина туралы түрлі ақпарат таралған. Өкінішке орай, олардың барлығы бірдей шындыққа жанаспайды. Әсіресе, алғаш рет ана атанған жас әйелдер оқыған ақпараттарын бір-бірімен бөліседі. Неонатолог дәрігермен кеңеспей жатып, әртүрлі мәліметке сүйеніп шешім қабылдайды. Сондықтан В гепатитіне қарсы вакцинамен салыстырғанда, БЦЖ вакцинасынан бас тарту жағдайлары жиірек кездеседі.
Екпе салдыру туралы шешім сенімді медициналық ақпаратқа негізделуі керек. Мамандар ата-аналарға тексерілмеген мәліметтерге сүйенбей, барлық сұрақтарын дәрігерлермен талқылауға кеңес береді. Уақытылы иммундау балаларды қауіпті инфекциялардан қорғауға және олардың таралу қаупін азайтуға көмектеседі.
Бекарыс Энгельс