Негізгі Жаңалықтар Жүлдегерлер оралды

Жүлдегерлер оралды

Өскемендік пара үстел теннисінің спортшысы Ардақ Нұрмағамбетов Жапонияда өткен V Азия Пара ойындарының қола жүлдегері атанды. Спортшыны күтіп алуға жақындары, жаттықтырушылары мен жанкүйерлері және жас спортшылар қатысты.

Жүлделі орын үшін өткен шешуші кездесуде Ардақ Нұрмағамбетов Үндістан спортшысымен бәсекеге түсті. Тартысты ойында қазақстандық параспортшы жеңіске жетіп, ел мерейін үстем етті. 

Кирилл Сотник, аға жаттықтырушы:

Бұл жарысқа бірнеше жыл бойы дайындалдық. Дайындықты алдын ала бастап, екі жыл бойы жүйелі түрде жаттықтық. Күнделікті жаттығу жұмыстарын жүргіздік. Ардақ жарады! Ол негізгі жаттығулардан бөлек, қосымша да дайындалды. Кесте бойынша белгіленген уақытында келіп қана қоймай, кешкі уақытта да жаттығуға келіп жүрді.

Әуежайда спортшыны қазақтың дәстүрі бойынша құрметпен қарсы алып, иығына шапан жапты. Келушілер де жүлдегерді құттықтап, ән мен жырдан шашу шашты.

Анна Мазаева, параспортшы:

Ол өте жауапты, табанды әрі қайсар адам. Алдына мақсат қойып, соған жету жолында уақытын да, отбасылық мерекелерін де құрбан етті. Өмірін үстел теннисіне арнады. Сондықтан осындай нәтижеге қол жеткізді. Адам табанды болып, арманына сеніп, қандай жағдай болса да, алға қойған мақсатына қарай ұмтылуы керек. 

Ардақ Нұрмағамбетов, пара үстел теннисінен Азия Пара ойындарының қола жүлдегері:

Оқу-жаттығу жиыны Өскемен қаласында өтті. Қазақстан құрамасына жаттығу залын ұсынғаны үшін облыс басшылығына алғысымды білдіремін. Сондай-ақ жарысқа дайындық барысында жаттығуыма көмектескен жаттықтырушылар Кирилл Олегович Сотник пен Сергей Геннадьевич Коноваловқа ризашылығымды айтамын.

Азия Пара ойындарының қола жүлдесі Ардақ Нұрмағамбетовтің халықаралық аренадағы тағы бір жетістігі болды. Еске салсақ, биыл жазда спортшы Таиландта өткен ірі халықаралық турнирде де қола медаль иеленген.

Бөлісу