Биыл өңірге 300 мыңға жуық турист келген
Облыс әкімдігінде кезекті отырыс өтті. Жиында жазғы туристік маусымның қорытындылары, инфрақұрылымды дамыту және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Сондай-ақ елді мекендерді сапалы мобильді байланыс пен интернетке қосу жұмыстары талқыланды.
Күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі жазғы туристік маусымның қорытындысы. Биыл жазда өңірге 300 мыңға жуық турист келген. Оның 7 мыңға жуығы шетелдік қонақтар. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында аймаққа 200 мыңға жуық адам саяхаттаған. Олардың басым бөлігі отандық туристер. Биыл туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі 5,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл туралы Туризм және инвестиция басқармасының басшысы Ержан Сембинов баяндады.
Ержан Сембинов, ШҚО Туризм және инвестиция басқармасының басшысы:
Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында инвестиция көлемі 9,5 миллиард теңгені құрады. Өңірде туризм саласы тұрақты дамып келеді. Біздің міндетіміз – жаңа инвестициялар тарту және туристерге қолайлы жағдай жасау арқылы осы оң динамиканы сақтау.
Жиында елді мекендерді мобильді байланыс пен интернетке қосу мәселесі де қаралды. Облыстағы 349 елді мекеннің 307-сі байланыс желісімен қамтылған. Биыл тағы 41 елді мекенді байланыспен қамту жоспарланған. Ол үшін антенналық-діңгектік құрылыстар салу және интернетке қосылудың өзге де технологияларын пайдалану көзделіп отыр. Бұл жұмыстар шалғай елді мекендердегі байланыс сапасын жақсартуға бағытталған.
Қайрат Бимағамбетов, ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы:
Бүгінгі таңда ШҚО 349 елді мекенінің 307-де байланыс орнатылып , интернет желісімен қамтамасыз етілген. Олардың қатарында 6 қала және 301 ауыл бар. Нәтижесінде өңір халқының 99 пайызы яғни 713 мың 600 адам байланыс және интернет қызметін пайдалану мүмкіндіктеріне ие.
Жауапты тұлғалардың баяндамаларынан кейін, аймақ әкімі мекеме басшыларына алдағы атқарылатын жұмыстарға нақты тапсырмалар беріп, міндеттердің уақытылы орындалуын қадағалауды тапсырды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Мына біздің жаңа хылықтық конституциямыздың негізгі ұстанымдарының бірі бұл адам мүддесін жоғары қою. Оның құқықтарын қорғау, бастысы лайықты өмір сүруіне жағдай жасауымыз керек. 42 шағын және шалғай елді мекендерді байланыспен интернет желісіне қолжетімділікпен қамтамасыз етуді бақылауға алыңыздар.
Облыс әкімдігіндегі жиын қорытындысында өңір басшысы жыл соңына дейін барлық бағыт бойынша жұмыстағы кемшіліктерді жойып, атқарылатын шаралардың қарқынын арттыруды тапсырды.
Бекарыс Әмірбек