Қамқорлыққа құрылған кәсіп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа экономикалық саясаты отандық өндірісті дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Осы бағытта ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы киім тігетін әлеуметтік кәсіпкердің еңбегі ерекше. Ата-аналардың өтінішінен басталған бұл бастама бүгінде маңызды әлеуметтік жобаға айналды.
Кәсіпорын балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, сапалы әрі қолжетімді киім өндіреді. Негізгі мақсат — пайда табу ғана емес, отбасыларға қолдау көрсетіп, балалардың өмірін жайлы ету. «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауында екінші рет жеңімпаз атанған кәсіпорын — әлеуметтік кәсіпкерліктің нақты үлгісі.
Әлия Адамова, әлеуметтік кәсіпкер:
Орталығымен 2018 жылдан бері тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Біз осы бағытты қолға алғаннан кейін, әрине, осындай азаматтарды жұмысқа орналастыруды да міндетіміз деп білдік. Арамызда колледжді бітірсе де, мүгедектік мәртебесіне байланысты еш жерге жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар бар. Біз оларға мүмкіндік беріп, жұмысқа қабылдаймыз. Ұжымымызда осындай ересек қызметкерлер де еңбек етеді. Қазіргі таңда командамыздың шамамен 40 пайызы — мүмкіндігі шектеулі жандар. Осындай азаматтарға қолдау көрсетіп отырған мемлекетке де алғысымыз шексіз. Біз оларды қоғамдық жұмыстар арқылы жұмысқа орналастырамыз.
Киім өндірісінде тәжірибе мен дәлдік аса маңызды. Әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған бұйымдарды дайындағанда әрбір бөлшек мұқият ойластырылуы керек. Киімнің ыңғайлы ашылып-жабылуы, баланы киіндіру мен шешіндірудің жеңіл болуы — ата-аналар үшін де маңызды. Кәсіпорында бұл талаптарды жақсы білетін тәжірибелі мамандар еңбек етеді. Солардың бірі — Галина Волошина. Ол 1968 жылдан бері тігін саласында жұмыс істеп, талай бұйымды өз қолымен дайындаған.
Галина Волошина, тігінші:
Мұнда операциядан кейін киюге арналған әдемі комбинезондар тігіледі. Жаздық, күздік және жылы қысқы үлгілері бар. Сондай-ақ балаларға арналған күртешелер де шығарылады. Киімдер сыдырмамен жабылады, сондықтан баланы киіндіру де, шешіндіру де оңай. Баланы жатқызып, киімін ыңғайлы түрде кигізуге болады. Бір комбинезонды тігу уақыты маманның тәжірибесі мен жұмыс жылдамдығына байланысты. Жас тігіншіге үш-төрт күн қажет болуы мүмкін, ал тәжірибелі маман оны бір-екі күнде дайындайды.
Әлеуметтік кәсіпкерлік – бизнесті дамытумен қатар, қоғамға қолдау көрсетудің де тиімді жолы. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолайлы киім тігіп, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын осының айқын дәлелі. Мұндай бастамалар отандық өндірісті дамытып қана қоймай, әлеуметтік жауапкершілікті де арттырады.
Аяулым Усинова