Негізгі Жаңалықтар Қаламгер есіміне – 10 жыл

Қаламгер есіміне – 10 жыл

Алтайдың тұмса табиғаты мен адам болмысының терең сырын шығармаларына арқау еткен көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің есімі – ұлттық әдебиетіміздің мақтанышы. Биыл қаладағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қаламгер есімінің берілгеніне 10 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай кітапханада «Оралхан Бөкеймен – 10 жыл!» атты мерейтойлық шара ұйымдастырылды.

2016 жылғы 31 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 637 қаулысына сәйкес кітапханаға Оралхан Бөкейдің есімі берілді. Содан бері мұнда жазушының шығармашылық мұрасын насихаттауға, оқырманның әдебиетке қызығушылығын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіліп келеді.

Айдар Садырбаев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Таулардың биіктігі алыстаған сайын көрінеді. Бізде Оралханға ауып-ауып, қайта оралып, оның терең ойларына әлі талай мәрте бойлаймыз деп ойлаймын. Себебі осы елдің азаматы ретінде кез-келген жерлестеріміз Оралханды ұлықтамаса кімді ұлықтайды?

Он жыл ішінде мұнда оқырманға қызмет көрсетудің заманауи үлгілері енгізіліп, түрлі мәдени-ағарту бағытындағы жобалар жүзеге асырылды. Мерейтой аясында қонақтар кітапхана жұмысының нәтижелерімен танысып, «10 жыл – 10 жетістік» атты бейнефильмді тамашалады. Сондай-ақ жазушыға арналған ән-арнау мен оқырмандардың бейнепікірлері көрсетілді.

Таңнұр Башай, О.Бөкей атындағы қалалық кітапхананың қызметкері:

Біздің кітапханамызға О.Бөкейдің есімі берілген күннен бастап, ол кісінің шығармаларының өмірі туралы жасалған Бөкей кз электронды түрлі жасалған заманауи технологиялар арқылы, ұлттық құндылықтар арқылы жасалған бүгінде оқырмандарымыздың игілігіне жарап отыр.  

Мерекелік басқосуға Оралхан Бөкейдің жиені, жазушы Тоқтар Мағзұмов, қаламгердің рухани досы, жазушы Әлібек Асқар, сондай-ақ Астана, Алматы қалалары мен Шығыстың ақын-жазушылары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Басқосуда Оралхан Бөкейдің әдебиеттегі орны, шығармаларының тәрбиелік мәні мен кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұрасы сөз болды.

Тоқтар Мағзұмов, жазушы:

Кітапханаға нағашым О.Бөкейдің есімі берілді деп жатыр ғой. Оның өзі үлкен тарих. Қазақта мынандай жақсы сөз бар. Өткен күннен белгі бар, іздеушісі болса, келер күннен таң жарық келушісі болса дейді. Оралханның аты болашақ ұрпаққа да келер ұрпаққа да осылай мәңгілік адам ретінде қала берсе деп ойлаймын. 

Оралхан Бөкейдің шығармалары – Алтайдың көркем келбетін, адам болмысы мен ұлттық рухты ұштастырған асыл мұра. Қаламгер есімімен аталатын кітапхананың он жылдық мерейтойы – жазушы шығармашылығына көрсетілген құрметтің белгісі. Әдеби мұраны ұлықтаған рухани орда алдағы уақытта да оқырманын руханиятқа жетелеп, қаламгер есімін ұрпақ жадында жаңғырта бермек.

Аяулым Усинова


Бөлісу