Негізгі Жаңалықтар Облыс орталығында ақ таяқ күніне орай кездесу өтті

Облыс орталығында ақ таяқ күніне орай кездесу өтті

Облыстық зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада «Баршаға қолжетімді әлем» атты кездесу өтті. Шара 15-інші қазанда атап өтілетін Халықаралық ақ таяқ күніне орай ұйымдастырылды. Бұл күн көру қабілеті бұзылған адамдардың тең мүмкіндіктері мен дербестігін қамтамасыз етудің маңызын еске салады.

Ақ таяқ – зағип жандардың қозғалу құралы ғана емес, олардың дербестігінің де символы. Ол кеңістікті бағдарлауға және қауіпсіз жүріп-тұруға көмектеседі. Халықаралық ақ таяқ күнінің тарихы ХХ ғасырдан басталады. 1964 жылы АҚШ президенті Линдон Джонсон 15 қазанды Ақ таяқ күні деп жариялады. Содан бері бұл күн көру қабілеті бұзылған адамдар үшін білім беру, шығармашылық және күнделікті өмір салаларында қолжетімді орта қалыптастыру мен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелеріне қоғам назарын аударып келеді.

Альмира Сайкенова, кітапханашы:

Біз осы санаттағы жандарға қолдау көрсету мақсатында осындай іс-шараларды үнемі өткізуге тырысамыз. Кітапханамызда олар үшін Брайль қарпімен оқулар, арнайы көркем әдебиет шығармаларын оқу шаралары ұйымдастырылады. Бүгінгі кездесуде қатысушыларды кітапханамыздағы зағип және көзі нашар көретін жандарға арналған технологиялармен таныстырып, сондай-ақ осы азаматтармен бірлесіп атқарып жатқан жұмыстарымызды көрсеткіміз келеді. 

Кездесу бағдарламасында кітапхана оқырмандарының музыкалық және әдеби шығармаларды орындауы қамтылды. Көпшіліктің көңілінен шыққан ерекше туындылардың бірі Анна Залещуктің «Қараңғылық жолы» атты авторлық өлеңі. Шығармада автор жан азабы, өмірдің қиындықтары және жанымыздағы жақын адамдарды бағалай білудің маңызы туралы ой қозғайды.

Анна Залещук, оқырман:

Өмір жалғаса береді. Мен осы өлеңім арқылы жеткізгім келген ой – адамдардың сатқындығы мен жүрекке, жанға салған жарасына бола өмір тоқтап қалмайды. Өмір жалғасады. Сондықтан жақындарымызды, туған-туыстарымызды бағалай білуіміз керек. Оларды жан-тәнімізбен құшағымызға басып, қадірлей білуіміз қажет. Өлеңімнің негізгі мағынасы – осы. 

Шығармаға музыкалық сүйемелдеу ерекше әсер берді. Аннаның досы Андрей Ларионов гитарада ойнады. Ол өлеңнің мазмұны мен көңіл күйін жеткізуге тырысып, әуенді өз бетінше таңдаған.

Андрей Ларионов, А. Залещуктің досы:

Мен Аняның өзіме ерекше ұнайтын өлеңін таңдадым. Оның көптеген өлеңдері маған ұнайды. Әуені мен сүйемелдеуін жақсы үйлестіре аламын деп ойлаған туындыма тоқталдым. Өлеңнің мәніне терең үңіліп, музыкасы мен ырғағы оның мазмұнына сай болуына тырыстым. Әрине, бұл оңай болды деп айта алмаймын. Дегенмен бар күшімді салдым, нәтижесі де жаман емес деп ойлаймын. 

Кездесуге жас буын өкілдері де қатысты. Кітапхана оқырмандары музыкалық шығармаларды орындап, өнердің адамдарға сезімдерін жеткізуге, ортақ тіл табысуға және бір-біріне қолдау көрсетуге көмектесетінін тағы бір мәрте көрсетті.

Әлия Маханова, оқырман:

Мен бұл кітапханада бұрыннан өнер көрсетіп келемін. Маған бұл өте ұнайды. Бүгін Ақ таяқ күніне орай «Махаббат жаңғырығы» әнін орындадық. Бұл маған қатты ұнайды. Мен бұл кітапхананы өте жақсы көремін. Бізге кітаптарды жіберіп, жеткізіп беріп жүргендері үшін алғыс айтамын. 

Радмир Видахмет, оқырман:

Мен осы кітапханаға келіп жүргеніме 11 жылдан асты. Көптеген ертегілер оқыдым, жыл сайын түрлі іс-шараларға қатысамын. Бастапқыда Брайль әліпбиі күрделі әрі түсініксіз жүйе болып көрінетін. Уақыт өте келе оны кәсіби деңгейде меңгере бастадым. 

Қатысушылар үшін мұндай кездесулер өз қабілеттерін танытып, шығармашылығымен бөлісіп, қолдауды сезінуге мүмкіндік. Ал қоғам үшін бұл көру қабілеті бұзылған адамдарға қоршаған ортаның қаншалықты қолжетімді екенін тағы бір мәрте ой елегінен өткізуге себеп. Техникалық мүмкіндіктер, ақпаратқа қолжетімділік және айналасындағылардың түсіністікпен қарауы олардың білім алуына, еңбек етуіне, сүйікті ісімен айналысуына және дербес өмір сүруіне жол ашады.

Нұрдәулет Қалибеков

Бөлісу