Негізгі Жаңалықтар Мәслихат сайлауына дайындық басталды

Мәслихат сайлауына дайындық басталды

Шығыс Қазақстан облысында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық жұмыстары басталды. Сайлау 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген. Осыған орай облыстық аумақтық сайлау комиссиясының алғашқы отырысы өтіп, алдағы науқанның негізгі міндеттері талқыланды.

Отырыстың күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алдымен сайлауды әзірлеу мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілді. Сондай-ақ сайлау инфрақұрылымын ұйымдастыру, комиссиялардың құрамын жариялау және сайлаушыларды дауыс беру орындары туралы хабардар ету мәселелері талқыланды.

Жанар Алқанова, ШҚО Сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

ШҚО алда келе жатқан сайлау науқанында 32 облыстық мәслихатқа депутаттар сайланады. Соның ішінде 16-сы бір мандаттық сайлау округтері бойынша, 16-сы партиялық тізімдер бойынша. ШҚО аудандық, қалалық мәслихаттарының сайлауына 14 аумақтық, 174 округтік және 534 учаскелік сайлау комиссиялары қатысады. 

Қазіргі уақытта сайлау комиссияларының құрамында бос орын жоқ. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, округтік сайлау комиссияларының құрамы 23 қазанға дейін, ал сайлау учаскелерінің шекаралары 28 қазанға дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Сонымен қатар дауыс беру орындарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау көзделген. Алдағы уақытта округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарлары өткізіледі.

Аяулым Усинова

Бөлісу