MURA FASHION TALENT
Облыс орталығында MURA FASHION TALENT жобасының балаларға арналған сән көрсетілімі өтті. Жас модельдер мен дизайнерлер жиналып, өз жұмыстарын таныстырды, шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, сән индустриясына алғашқы қадамдарын жасады.
Жобаның мақсаты – талантты балалар мен олардың дизайнерлік жұмыстарының шығармашылығын көрсету. Болашақта балалар модельдік мансабын кәсіби деңгейде жалғастырып, өз өнерлерін әлемге таныта алады.
Динара Мұқажанова, «MURA FASHION TALENT» жобасының ұйымдастырушысы:
Бұл – MURA FASHION TALENT жобасының алғашқы маусымы. Қазір біз тәжірибе жасап, қандай шеңберді қамти алатынымызды, жобаның ауқымы қандай болатынын байқап көріп жатырмыз. Барлығы сәтті өтеді деп үміттенеміз.
Сән көрсетілімінде ұлттық нақыш пен заманауи стильді үйлестіре білген шеберлер көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Жоба жас модельдер мен дизайнерлердің басын қосып, олардың өзін-өзі танытуына және шығармашылық әлеуетін ашуына мүмкіндік береді, - дейді ұйымдастырушылар.
Эльвира Аллахвердиева, «MURA FASHION TALENT» жобасы ұйымдастырушысының көмекшісі:
Қазір біздің Өскемен қаласында жас талантты дизайнерлердің өздерін көрсетуіне осындай мүмкіндік бар екені қуантады. «Мұра» дегеніміз – ұрпақтан ұрпаққа қалатын асыл қазына. Бұл байқау да дәл осы мұра тақырыбына арналған. Өткеннен болашаққа жалғасатын мұраны дәріптегіміз келеді. Кезінде ата-бабаларымыз ою-өрнектерге, белгілі бір салт-дәстүрлерге мән-мағына берген. Біз де сол құндылықтарды жалғастырғымыз келеді.
Балалардың өздері де бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарайды. Олардың көпшілігі сән индустриясында әрі қарай дамуды жоспарлап отыр. Жас таланттар шетелдегі сән көрсетілімдеріне қатысып, өз халқының шығармашылығын кеңінен танытуды армандайды.
Марсель Самойлов, модель:
Бұл – мен үшін қызықты хобби. Болашақта сән әлемін танытқым келеді. Осындай көрсетілімдерге жиі қатысамын. Алға қойған мақсаттарыма жете алатынымды сеземін. Миланда және басқа да көптеген қалаларда өтетін сән көрсетілімдеріне қатысқым келеді.
MURA FASHION TALENT жобасының алғашқы маусымы жас қатысушыларға сән әлемімен танысып, шығармашылық идеяларын ұсынуға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар жобаның жалғасын табатынына үмітті. Ал жас дизайнерлер мен модельдер өз қабілеттерін шыңдап, тың идеяларын жүзеге асырып, сәнге және ұлттық мұраға деген өзіндік көзқарастарын көрерменге таныстыруды жалғастырмақ.
Кәусар Идаятқызы