Жүгіру марафоны өтті
Облыс орталығында жеңіл атлетикадан КСРО спорт шебері, 43 жылын өңір спортын дамытуға арнаған жаттықтырушы Рахымғазы Көшербаевты еске алуға арналған жүгіру марафоны өтті. Сөреге кәсіби спортшылар мен әуесқой желаяқтар шығып, саңлақ спортшының есімін ұлықтап, жас жеңіл атлеттерді даярлауға қосқан үлесін еске алды.
Марафон Өскемен су электр станциясы маңынан басталды. Қатысушыларға «Желтоқсан» ескерткішіне дейінгі 10 шақырымдық қашықтықты бағындыру міндеті қойылды. Бұл бағыт Рахымғазы Көшербаевты еске алуға арналған жарыстың дәстүрлі қашықтығына айналған.
Әмір Байтуқанов, ұйымдастырушы:
Жарысқа 220 адам тіркелді. Оның 200-і қатысушы нөмірлерін алды. Рахымғазы Нұрғалиұлы – Шығыс Қазақстанда марафон бойынша бірінші нөмірлі спортшы болған. Оның 42 шақырымдық марафондағы жеке нәтижесі – 2 сағат 20 минут 45 секунд. Бұл рекорд өңірде ұзақ уақыт бойы сақталып келді.
Жарысқа тәжірибелі жеңіл атлеттермен қатар, жүгіруді жанына серік еткен әуесқойлар да қатысты. Бірі бұл мүмкіндікті өзінің дайындығы мен төзімділігін сынауға пайдаланса, енді бірі спорттағы жаңа белестерді бағындыруға қадам жасады.
Жарас Қайратов, марафонға қатысушы:
Мен жеңіл атлетикамен айналысамын. Бұл спорт түріне келгеніме екі жыл болды. 2000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Қазақстан жүлдегерімін. Бірінші ересектер разрядым бар. Жүгірумен айналысқан ұнайды. Барлығына осы спорт түрімен шұғылдануға кеңес беремін. Жүгірсеңіз, өкінбейсіз.
Рахымғазы Көшербаевты еске алуға арналған марафон – сондай-ақ өңірдегі жеңіл атлетиканың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтың еңбегіне құрмет көрсету. Оның спорттағы жетістігі мен ұзақ жылғы жаттықтырушылық қызметі белсенді өмір салтын таңдаған жас спортшыларға үлгі болып, жаңа нәтижелерге ұмтылуға жігер береді.
Бекарыс Энгельс