Негізгі Жаңалықтар Жаңа элеватор салынуда

Жаңа элеватор салынуда

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Глубокое ауданына жұмыс сапары барысында Веселовка ауылында «Виситаев Р.Д.» шаруа қожалығы салып жатқан элеватордың құрылысымен танысты. Жоба іске қосылғанда жергілікті шаруалар астықты сақтап қана қоймай, кептіріп, өңдеу мүмкіндігіне де ие боламақ. Жаңа құрылыс нысанының жұмысы жайлы әріптесім Нұртас Қайролдаев тарқатсын.

Астықты жинап алу – жұмыстың бір бөлігі. Оны сапасын жоғалтпай сақтау, кептіру және өңдеуге дайындау да маңызды. Осы бағытта Веселовка ауылында жаңа өндірістік нысан салынып жатыр. Элеватордың құрылысы 2023 жылы басталған. Жобаның жалпы құны – 2,5 миллиард теңге.

Тимур Виситаев, «Виситаев Р.Д.» шаруа қожалығының басшысы:

Биыл элеватор, яғни астық сақтау қоймасының құрылысын жалғастырдық. Құрылыс жұмыстары түрлі себептерге байланысты уақытша тоқтап қалған болатын. Енді биылғы жылдың желтоқсан мен 2027 жылдың қаңтар айы аралығында нысанды іске қосуды жоспарлап отырмыз. 

Жоба толық іске қосылғанда элеватор 18 мың тонна астық сақтай алады. Мұнда сағатына 150 тоннаға дейін астық өңделіп, 160 тонна өнім кептіріледі. Қазір жабдықтарды құрастыру жұмыстарының соңғы кезеңі жүріп жатыр.

Тимур Виситаев, «Виситаев Р.Д.» шаруа қожалығының басшысы:

Бүгінде атқарылған жұмыстың нәтижесін көріп отырсыздар. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Негізгі монтаждау жұмыстарын осы айдың соңына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Ал нысанды толық бетондау және соңғы жұмыстарды келесі егін ору науқанына дейін аяқтап, элеваторды ресми түрде іске қосуды көздеп отырмыз. Дегенмен, электр қуатына қатысты мәселе бар. Нысанға шамамен 1000 киловатт қуат қажет. Қазіргі уақытта жақын маңда қажетті электр қуатының бос қоры жоқ. Білуімше, қазір электр желілерінің сақиналы жүйесін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан келесі науқанға дейін қажетті қуат көзі қолжетімді болады деп үміттенеміз.

Шаруашылық егіншілікпен қатар мал өсіруді де қолға алған. Егістікте күнбағыс, бидай, арпа, асбұршақ, соя мен рапс өсіріледі. Ал мал шаруашылығында қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасы, жылқы мен қой бар. Маусым кезінде мұнда 130-ға жуық адам еңбек етеді. Тұрақты жұмысшылар саны 80-90 адам шамасында. Жаңа элеватордың іске қосылуы шаруашылықтың өндірістік мүмкіндігін арттырып, астықты өңдеу ісін жүйелеуге жол ашады.

Нұртас Қайролдаев


Бөлісу