Ұлттық мұраны сақтау
Қазақстанда материалдық емес мәдени мұраны сақтау және оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Соның ішінде ұлттық салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптар мен тарихи маңызы бар мәдени құндылықтарды анықтап, жүйелеуге басымдық берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар ЮНЕСКО-ның техникалық гранты аясында жүзеге асырылуда. Жоба еліміздің бес пилоттық өңірінде материалдық емес мәдени мұра үлгілерін анықтап, оларды құжаттауды көздейді.
Ғасырлар бойы қазақ халқы ұлттық болмысының ажырамас бөлігіне айналған салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп жеткізіп келеді. Сондықтан мәдени мұраны сақтау және ұлттық дәстүрлерге деген қызығушылықты қайта жаңғырту бүгінгі таңда айрықша маңызға ие.
Рүстем Музафаров, Қазақстанның ЮНЕСКО клубтары ұлттық федерациясының кеңесшісі:
Бұл — Қазақстанның әрбір азаматы сезінетін, өзін біртұтас ұлттың бір бөлшегі ретінде тануға мүмкіндік беретін рухани өзек. Мұның бәрі бесік жырынан басталады. Одан кейін асық ойыны арқылы жалғасады. Келесі кезеңге өткенде толғау мен термені тыңдай бастаймыз. Күй тыңдап, өзімізді туған халқымыздың ажырамас бөлігі ретінде сезінеміз.
Технология дамып, өндіріс автоматтандырылған сайын қол еңбегі біртіндеп заманауи әдістермен алмастырылуда. Соның салдарынан ұлттық өнердің кейбір түрлері ұмытылып, жойылып кету қаупіне ұшырап отыр.
Рүстем Музафаров, Қазақстанның ЮНЕСКО клубтары ұлттық федерациясының кеңесшісі:
Қазақтың кілем тоқу өнері ұмытылып барады. Өйткені нағыз қазақы кілемді тоқу үшін шеберге кемінде үш-төрт ай уақыт қажет. Бұл — көп еңбекті талап ететін күрделі үдеріс. Сондықтан екі жыл бұрын Қазақстанның Ұлттық комиссиясының ұсынысымен және ел Үкіметінің қолдауымен ЮНЕСКО Қазақстанның мәдени мұрасын тереңірек зерттеуге мүмкіндік беретін техникалық грант бөлу туралы шешім қабылдады.
Басты міндеттердің бірі – жастардың ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға деген қызығушылығын арттыру. Сарапшылардың пікірінше, мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізудің жаңа тәсілдерін іздестіру маңызды. Бұл ретте цифрлық технологиялар мен білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет.
Василий Шахгулари, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР материалдық емес мұраны қорғау ұлттық комитетінің мүшесі:
Тарих, мәдениет пен салт-дәстүрлер туралы білімді жеткізуде интерактивті ойын контентін әзірлеудің маңызы зор. Бұл – негізгі мәселелердің бірі. Екінші мәселе – білім беру бағдарламасы. Мұндай білімді өскелең ұрпаққа міндетті түрде үйрету қажет. Қазір мектептерде ұлттық спорт түрлері туралы мәлімет беретін факультатив сабақтар бар. Кейбір білім ордаларында қолөнер шеберлері де жұмыс істейді. Алайда әзірге бұл бастамалар айтарлықтай нәтиже беріп отырған жоқ. Себебі мұндай тәжірибе жекелеген мектептерде ғана жүзеге асырылып, барлық білім беру ұйымдарын қамтитын деңгейге жеткен жоқ.
Материалдық емес мәдени мұраны сақтау үшін сала мамандарының, білім беру ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің бірлесе жұмыс істеуі маңызды. Сарапшылар осындай ортақ күш-жігердің арқасында ұлттық құндылықтарды сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге болатынын атап өтті.
Аяулым Усинова