Қариялар канистерапия әдісімен оңалуда
Өскемендегі «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қарттардың көңіл күйін көтеріп, оңалуына көмектесетін маман бар. Лариса Козловская бірнеше жылдан бері канистерапия әдісі арқылы орталықтағы қариялармен жұмыс істейді. Ал оның көмекшісі – Лис есімді төрт аяқты серігі. Итпен бірге жүргізілетін сабақтар қарияларға қалай әсер етеді? Тілші сюжетінде.
Лариса Козловская психология саласында 30 жылға жуық еңбек етеді. Оның жартысына жуық уақытын канистерапияны зерттеп, тәжірибеде қолдануға арнаған. Бүгінде «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында зейнеткерлермен күнделікті сабақтар өткізеді.
Иә, мұнда әр қариямен жеке жұмыс жүргізіледі. Бірі итпен серуендеп, уақыт өткізсе, енді бірі жануарды сипау арқылы қолының ұсақ моторикасын жаттықтырады.
Лариса Козловская, канистерапевт:
Кейде адам психологпен сөйлескісі келмей, тұйықталып қалады. Тіпті айналасындағылармен тілдесуге де құлықсыз болады. Ал ит келгенде оның назары басқа жаққа ауып, көңіл күйі өзгере бастайды. Қариялар Листі асыға күтіп, онымен сөйлесіп, еркелетеді. Осылайша біртіндеп көңілдері көтеріліп, адамдармен араласуға деген ықыласы арта түседі.
Әлеуметтік мінез-құлықтары жоғарғы деңгейде болғандықтан, иттер адамға ұқсас кейбір қасиеттерге: сезімге, өз әсерін әрекеттерімен, дыбыспен, мимикамен білдіру қабілетіне, адамның қарым-қатынас ынтасына әрекет ету қасиеттеріне ие. Канистерапия ақыл-ой және сезім қабілеттерін дамытуға, қозғалыс қызметі мен қозғалыс белсенділігін жақсартуға көмектесетін психотерапиялық әдістеме ретінде қолданылады.
Ғалия Мойкеқызы, «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
Шынында да результаты бар. Көрініп тұр. Апалардың например инсульттен кейін қолдары ашылмай жатса, қолдары ашылып, отырғысы келіп, осы ит келген кезде қуаныш, көздерінен қуаныш, сөйлесіп прям жақсылықты көресің.
Канистерапия әлемнің бірқатар елінде оңалту мен психологиялық қолдау бағытында қолданылып келеді. Әсіресе АҚШ, Чехия, Ресей мен Польшада оны дамытуға арналған ұйымдар мен қауымдастықтар жұмыс істейді. Ал елімізде канистерапия әзірге кең тарала қоймағанымен, оны тәжірибеде қолданып жүрген мамандар бар.
Лариса Козловская, канистерапевт:
Шетелде канистерапия медицина саласында кеңірек қолданылады. Мәселен, Санкт-Петербургте арнайы дайындықтан өткен иттер ауруханаларға, онкологиялық орталықтарға барып, науқастардың көңіл күйін көтеруге көмектеседі. Ал Қазақстанда бұл бағыт әзірге жүйеленіп, орталықтандырылған жоқ. Дегенмен, елімізде канистерапия бойынша Қарағанды, Атырау және біздің қалалда арнайы оқудан өткен мамандар бар.
Алайда канистерапияның өзі ғана нәтиже бермейтінін ескеру қажет. Ол басқа оңалту әдістерімен қатар жүргізілуі тиіс. Бұл – үлкен жұмыстың бір ғана бөлігі. Егер біз ең болмағанда бір қарияға көмектесіп, оның көңілінде бір сәт болса да жақсы әсер қалдырсақ, мұның өзі – үлкен іс, дейді мамандар.
Любовь Арнолд, зейнеткер:
Біздің отбасымызда әрдайым ит болды. Қазір қатты сағынып жүрмін. Өзім иттерді өте жақсы көремін. Орталыққа Лис келгенде көңіл күйіміз көтеріліп қалады. Онымен бірге серуендеп, уақыт өткізгенді жақсы көреміз.
Төрт аяқты көмекші орталыққа келгенде қариялардың көңіл күйі көтеріліп, көпшілігі онымен сөйлесіп, еркелетіп, бірге уақыт өткізеді. Кейбірі тіпті ішкі сырын да жануарға айтып жатады.
Мария Таберовская, зейнеткер:
Көңілге жылу сыйлайтын ерекше жануар. Орталыққа келгеніне қуаныштымыз. Бізге әрдайым шаттық сыйлап жүргені үшін рақмет айтамыз.
Мүмкін, канистерапияның ерекшелігі де осында шығар. Кейде адамның көңілін көтеріп, оны қайтадан қарым-қатынасқа жетелеу үшін ұзақ әңгімеден бұрын жанында үнсіз тыңдайтын төрт аяқты досының болғаны жеткілікті.