Өңір инфрақұрылымы дамуда
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында өңірлердің инфрақұрылымын дамыту, көлік қатынасын жақсарту және елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттыру міндеттері белгіленген. Осы бағытта өңірде бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде Катонқарағай ауданында салынып жатқан әуежай мен Тереңсай асуындағы жаңа көпір өңірдің көлік мүмкіндігін кеңейтпек.
Катонқарағай ауданында жаңа әуежай құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 2026 жылғы 17 қарашадағы мәлімет бойынша, нысанның 80 пайыздан астамы аяқталған. Ұзындығы 2 мың 200 метрден асатын, ені 35 метрлік ұшу-қону жолағы дайын. Әуежай сағатына 150 жолаушыға дейін қабылдай алады. Мұнда жолаушылар терминалы мен техникалық нысандардағы жұмыстар жалғасуда. Аталған нысанды сертификаттау рәсімін 2027 жылдың ақпанында бастап, туристік маусымға дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Ал облыстың көлік инфрақұрылымындағы тағы бір маңызды жаңалық – Тереңсай асуын айналып өтетін жаңа жол мен Пихтовка өзені арқылы салынған көпірдің ашылуы. Биіктігі 45 метр, ұзындығы 175 метр болатын бұл өткел Қазақстандағы ең биік таулы автомобиль көпірі саналады. Жаңа жол бұрынғы күрделі тау бағытын айналып өтіп, Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандары арасындағы қатынасты жеңілдетеді. Бұл жобалар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған өңірлік инфрақұрылымды жаңғырту міндеттерін іске асырудың нақты көрінісі.
Серік Жәкітов, Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары:
ҚР президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында ағымдағы жылы өзіміздің іс-шаралар жоспарымыз бекітілді. Бізде ірі инфраструктуралық жоба аэропорт құрылысы болып табылады. Жалпы аэропрт құрылысы ол көлік логистикасын жақсартумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар ауданымыздың туристтік потенциалын арттырады, жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді.
Бұл нысандардың ел игілігіне берілуі ең алдымен тұрғындардың уақытын үнемдеп, жол жүру қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Әуе қатынасының ашылуы шалғайдағы ауданға қатынауды жеңілдетіп, туристер ағынын көбейтуге жол ашады. Ал жаңа көпір мен жаңартылған жол жергілікті кәсіпкерлердің өнімін тасымалдауға, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласының дамуына қолайлы жағдай қалыптастырады. Ең бастысы, Катонқарағайдың туристік әлеуетін толық пайдалануға және ауданның өзге өңірлермен байланысын нығайтуға мүмкіндік туады.
Бекарыс Энгельс