Отандық өндіріс өркендеп келеді
Отандық тауар өндірушілерді қолдау, импортқа тәуелділікті азайту және кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін арттыру мәселелері Үкімет отырысында талқыланды. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиынға бейнебайланыс арқылы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен салалық басқармалардың басшылары қатысты.
Мемлекеттік қолдау шаралары мен өңірлік бағдарламалардың арқасында Өңірде жүздеген жоба қаржыландырылып, кәсіпорындар арасындағы өндірістік байланыс нығайып келеді. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша облыстағы 80 жобаға субсидия беру және кепілдік ұсыну түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оларды іске асыруға экономикаға 21 миллиард теңгеден астам несие қаражаты тартылған. Осы мақсатқа бөлінген 1 миллиард 300 миллион теңге толық игерілді.
Кәсіпкерлікті қаржыландыруда «Ақ-Ниет» және «Өрлеу» өңірлік бағдарламаларының да үлесі зор. Аталған бағдарламалар аясында жалпы сомасы 11 миллиард 400 миллион теңгені құрайтын 377 жоба қаржыландырылды. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа өндіріс орындарының ашылуына және кәсіпорындардың жұмыс ауқымын кеңейтуіне мүмкіндік береді.
Исатай Аңсат, ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
Мемлекет басшысы отандық өнімнің үлесін арттыру міндетін қойды. Бұл – өнеркәсібімізді дамытудағы негізгі мәселелердің бірі. Өнеркәсіпті дамыту оңай шаруа емес екенін бәріміз жақсы білеміз. Шешуді қажет ететін бірқатар мәселе бар. Қазір Үкіметпен тығыз байланыс орнатылып, түрлі мәселелер пысықталуда. Өнім өндіру үшін алдымен жабдық сатып алу, ғимарат салу, сертификат алу қажет. Мұның бәрі үлкен еңбек пен уақытты талап етеді. Сондықтан, Үкімет осы үдерістерді жеңілдетуге күш салып жатыр.
Өңір экономикасының маңызды салаларының бірі – агроөнеркәсіптік кешен де мемлекеттік қолдаудан тыс қалған жоқ. Саланы дамытуға 80 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. Қаражат субсидиялауға, жеңілдетілген несие беруге, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға және егіс жұмыстарын жүргізуге жұмсалады.
Ренат Құрмамбаев, ШҚО әкімінің орынбасары:
Бүгінгі таңда күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 19 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Жанар-жағармай толық игерілді. Сонымен қатар, биыл «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында 22 миллиард қаражат бөлінді. Ол көктемгі және күзгі егістік дала жұмыстарына, шаруа қожалықтарына көмек берілген.
Бүгінде облыстағы 101 кәсіпорын Қазақстандық тауар өндірушілер тізіміне енгізілген. Бұл жергілікті компаниялардың жаңа нарыққа шығуына жол ашады. Ал, отандық өндірушілер мен ірі кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді меморандумдардың маңызы зор. 2023 жылдан бері өңірде отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 20 миллиард теңгеден асатын 200-ден астам келісім жасалды.
Фатима Тілейханқызы